Ақтөбеде ер адам жүргізушілерді алдаудың тосын тәсілін ойлап тапқан. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде өзін көлік қағып кеткендей етіп көрсеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиенбаев және Ташкент көшелері қиылысындағы жаяу жүргіншілер өткелінде ер адам өзін көлік қағып кеткендей кейіп танытқан. Кейін жүргізушілерге жол апаты салдарынан дене жарақатын алғанын айтып, олардан ақша талап еткен.
Тексеріс барысында оның мұндай әрекетке екі рет барғаны анықталды. Оның сөзіне сенген жүргізушілер мобильді қосымша арқылы ақша аударған. Бір жағдайда 250 мың теңге, екінші жағдайда 200 мың теңге берілген.
Келтірілген жалпы шығын көлемі - 450 мың теңге. Жүргізушілердің бірі кейін болған жағдайға күмән келтіріп, полицияға жүгінген.
"Тексеріс барысында ақпарат расталып, ер адам анықталып, күдікті ретінде танылды. Қазір іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ өкілі.