Қазақстан Сербиядан сатып алынған қару-жарақ пен әскери техниканы үшінші мемлекетке қайта сатқысы келсе, бастапқы жеткізуші елдің келісімін алуға міндетті, деп dalanews.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мәселе 16 қыркүйекте Құрылтай отырысында Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жобасын талқылау кезінде көтерілді. Құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Депутат Айжан Аймағанова келісімдегі екі талапқа назар аударды. Оның бірінде қару-жарақ пен әскери техниканы үшінші елге беру үшін екінші тараптың алдын ала жазбаша келісімі қажет екені көрсетілген. Ал екінші тармақта экспорттық бақылау әр мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізілетіні жазылған.
Осыған байланысты депутат Қазақстан өз заңнамасы бойынша экспортқа рұқсат алған жағдайда да бастапқы жеткізушіден қайтадан келісім алу қажет пе деген сұрақ қойды.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың түсіндіруінше, мұндай жағдайда бастапқы өндіруші немесе жеткізуші тараптың келісімі бәрібір қажет.
Яғни Қазақстанда экспортқа рұқсат болғанның өзінде, Сербиядан алынған қару-жарақ пен әскери техниканы үшінші мемлекетке беру немесе қайта сату үшін серб тарапының жеке келісімі талап етіледі.
Келісім әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізу, қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және техникалық қызмет көрсету, технологиялар трансфері, бірлескен зерттеулер мен сынақтар жүргізу сияқты бағыттарды қамтиды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның қазіргі таңда 15-тен астам мемлекетпен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы ұқсас келісімдері бар.