Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы төмендетті: Экономист негізгі себебін түсіндірді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы төмендетті: Экономист негізгі себебін түсіндірді
Фото: inform.kz

Ұлттық банк биыл екінші рет базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты экономист әрі R-Finance кеңесшісі Арман Байганов Dalanews.kz агенттігіне бұл өзгерістің негізгі себептері мен оның экономикаға әсері туралы пікір білдірді.

Экономистің айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуіне жылдық инфляцияның баяулауы негізгі себеп болған.

“Жыл басында жылдық инфляция деңгейі 12,3 пайызға жуық болса, қазір шамамен 10 пайызға дейін төмендеді. Базалық мөлшерлеменің төмендеуіне ең алдымен осы фактор әсер етті. Дегенмен мөлшерлеме небәрі 0,25 пайыздық тармаққа ғана қысқарды.  Бұл – базалық мөлшерлемедегі елеулі өзгеріс емес, көбіне символикалық сипаттағы қадам”, - деді экономист.

Арман Байгановтың пікірінше, базалық мөлшерлеменің одан әрі төмендеуіне нақты болжам жасау қиын. Өйткені инфляциялық қысым толық сейілмеген.

“Қазір әлемде геосаяси тәуекелдер сақталып отыр. Ресейдегі логистикалық қиындықтар, жанармай нарығындағы ахуал, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай экспортындағы тәуекелдер – мұның бәрі Қазақстан экономикасына әсер етуі мүмкін”, – дейді Арман Байганов.

Экономисті базалық мөлшерлеменің төмендеуі жалпы экономика үшін оң белгі саналатынын атап өтті. 

“Бұл инфляцияның біртіндеп бәсеңдеп келе жатқанын көрсетеді. Әдетте мұндай жағдайда банктер депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін де төмендетеді. Соның нәтижесінде бизнеске берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі де біршама арзандауы мүмкін. Сондықтан бұл шешімнің оң әсері көбірек”, – деді ол.

Арман Байгановтың айтуынша, базалық мөлшерлеменің алдағы уақытта қалай өзгеретіні әлемдік экономикадағы жағдайға және Қазақстанның негізгі сауда серіктестеріндегі ахуалға байланысты болады.

“Қазіргі жағдайда асығыс қорытынды жасау қиын. Әлемдегі және негізгі сауда серіктестеріміздегі жағдай қалай өрбитіні уақыт өте келе белгілі болады”, – деп түйіндеді экономист.

Бұған дейін

Еске салайық, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетті. Бұл – биылғы екінші төмендету. Бұған дейін мөлшерлеме 5 маусымда 18%-дан 17%-ға дейін қысқартылған еді. Реттеуші бұл шешімді елдегі инфляцияның баяулауымен түсіндірді.

Айта кетейік, кезекті шешім 4 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Базалық мөлшерлеме - Ұлттық банк белгілейтін негізгі пайыздық көрсеткіш. Ол арқылы банк секторының жалпы бағыты айқындалып, елдегі несие мен инфляция деңгейіне әсер етеді. Бұл көрсеткіш бойынша Ұлттық банк коммерциялық ұйымдарға қысқа мерзімді несие береді және олардың қаражатын депозит ретінде қабылдайды.

Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасының "бағдаршамы". Оны көтерсе, несие алу қымбаттайды, ал түсірсе керісінше арзан несие алу мүмкіндігі артады. Осылайша, Ұлттық банк осы тетік арқылы ақша айналымын реттеп, баға тұрақтылығын сақтауға тырысады.