Ұлттық спорттың жаңа белесі: қазақ садақшылары әлемде топ жарды

Жарбол Кентұлы 07 қыр. 2025 15:49

Бүгін қазақ спортының тарихындағы ерекше күн. Бүгін ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өзінің Инстаграм парақшасында  еліміздің құралайды көзге атқан мергендері үлкен жеңіске жеткенін жария етті.

– Садақ атудан әлем чемпионатында тарихи жүлде жеңіп алған Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылар құрамын шын жүректен құттықтаймын!

Аделя Жексенбинова, Виктория Лян және Роксана Юнусова сынды спортшыларымыз жаһандық додада өздерінің шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, 32 жылдан кейін аталған спорт түрінен ел қоржынына жүлде салды.

Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде спорт саласын жаңғырту жұмыстары кең ауқымда жүргізіліп жатыр. Бұл – саланың тиімділігін арттыруға және жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды бастама. Бүгінде отандық спорт жаңа қарқынмен дамып келеді.

Бұл жеңіске садақ ату федерациясының президенті Азамат Үсімбеков пен Бас хатшы Есет Байтасовтың қосқан үлесін атап өткен жөн. Олардың басшылығымен Қазақстанда садақ атумен 7 мыңнан астам спортшы айналысады, бұл спорт түрі еліміздің 15 өңірінде белсенді дамып келеді.

Аталған жетістік Қазақстанда садақ ату спортының берік іргетасы бар екенін және халықаралық аренада жаңа жеңістерге жетуге зор әлеуеті бар екенін айқын көрсетеді, – деп министр ақжолтай жаңалықпен бөлісті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар