Ұлттық  құрылтай: өзгерістен – тұрақтылыққа

Самал Асқар 21 қаң. 2026 14:55

Ұлттық құрылтай бүгінде қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты қамтамасыз ететін маңызды қоғамдық-саяси алаңға айналды. Оның басты мақсаты – ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындап, халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді ортақ талқылауға салу.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысындағы баяндамасында былай деді: «Вице-президент институты құрылады. Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады. Парламент «Құрылтай» деп аталады және 145 депутаттан тұрады. Үш вице-спикер (төраға орынбасары) болады. Сегіз  комитеттен аспайды. Заңдар үш оқылымда қабылданады. Әйелдер мен жастарға арналған квота сақталады. 126 адамнан тұратын «Қазақстан халық кеңесі» құрылады, оның құрамына ҚХА (Қазақстан халқы Ассамблеясы) мен Ұлттық құрылтайдың өкілдері кіреді. Ұлттық құрылтай тарихи тұрғыдан көп іс атқарды, алайда енді жаңа институт құрылады. Конституциялық комиссия құрылады, оны Конституциялық соттың төрағасы басқарады».

Жоғарыда айтылған алдағы өзгерістерге қысқаша түсінік беретін болсақ, вице-президент институты  дұрыс іске асса, бұл реформалар саяси тұрақтылықты арттырады, басқаруды тиімді етеді, жеке тұлғаға тәуелділікті азайтады, институционалдық мемлекет құруға жақындатады. Президент стратегиялық саясатқа көбірек көңіл бөледі. Вице-президент әлеуметтік саясат, аймақтармен жұмыс, реформалардың орындалуын бақылау сияқты бағыттарды қадағалай алады, басқару тиімділігі артады.

Парламент «Құрылтай» деп аталады, құрылтай – түркі, қазақ саяси дәстүрінде елдік мәселелер талқыланатын, билік пен халық байланысатын кеңес. Бұл атау ұлттық саяси институт ретінде қабылдатуға көмектеседі және халыққа психологиялық тұрғыда жақынырақ болады. Сегіз комитеттен аспайды. Заңдар үш оқылымда қабылданады, заң шығару процесі сапалы әрі жүйелі болады, депутаттардың жұмысы нақты бағытта маманданған комитет арқылы жүзеге асады, ашық, есеп беретін, институционалдық тұрғыда тұрақты парламент қалыптасады, қоғамның сенімі артады, билік жеке тұлғаға тәуелді болмайды.

«Қазақстан халық кеңесі» Ұлттық құрылтайдың тәжірибесін жалғастырады және жақсы ұйымдастырылған, кең өкілдікке ие органға айналады. Билік пен қоғам арасындағы байланыс. Кеңес – халық пен атқарушы билік арасындағы делдал рөлін атқарады. Шешімдердің қоғамдық қолдауын арттырады, билік институттарының легитимділігін күшейтеді.

Конституциялық комиссия құрылады, ол мемлекеттің құқықтық негізін күшейтіп, әділетті әрі тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға  маңызды жұмыс атқарады. Қорыта айтқанда, Ұлттық құрылтай «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы ортақ мақсат пен ортақ жауапкершіліктің айқын көрінісі болып отыр.

Сабыржан Жапақов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Кеден,қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы                                                                                         


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove