Ұлттық Қорда жаңа рекорд және ол енді ешқашан сарқылмайтын болады - сарапшы

Көркем Алдабергенова 09 қаң. 2026 12:45

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың активтері 77,7 миллиард доллардан асуы тиіс. Бұл туралы белгілі сарапшы Айбар Олжаев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Қазақстан тарихында Ұлттық қордағы ақша мұндай межеге бірінші рет жетіп отыр. Біз үшін бұған дейін қордың ең биік нүктеге көтерілгені 2014 жыл болатын. Сол уақытта, 11 жыл бұрын Ұлттық қор 75,2 миллиард долларға дейін өсті.

"Бірақ 2014 жылғы кризисте Назарбаев Үкіметке Ұлттық қордың ақшасын барынша пайдалануға пәрмен берді де, сол уақыттан бері атқарушы билік трансферттер арқылы қорды жыл сайын жұлмалап келді. Соның кесірінен тіпті осы қор сарқылады деген қауіптер пайда болғаны есте. Соңғы 10 жылда Ұлттық қордың аянышты халі 2022 жылы тіркелген еді. Пандемия мен постпандемияның бюджеттік трансферттері өсіп, қор активтері 57,9 миллиард долларға дейін құлдырады. Бірақ одан кейін қор біртіндеп өсе бастады", - дейді Олжаев. 

Сарапшы 2024-2025 жылғы Ұлттық қордың жақсы өсуіне мұнайдың ешқандай әсері болмағанын атап өтті.

"Тіпті бұл кезеңде мұнай бағасы барреліне 72 доллардан 60 долларға арзандап, мұнайдан келетін ақша азайып кеткенін айту керек. Табыс пен жетістіктің барлығы Ұлттық Банктің қордың ақшасын дұрыс инвестициялауынан келді. Біз инвестициялық саясатты өзгертіп, кірісі тым аз дамыған елдердің ААА категориялы облигацияларынан кірістілігі көбірек дамушы елдердің суверенді қарыздары мен акциялар нарығына ойыса бастадық. Соның арқасында 2025 жылдың 9 айында 12,6 миллиард доллар инвестициялық табыс таптық. Бұл мұнай секторы әкелген ақшадан кемінде 40 пайызға көп", - дейді сарапшы. 

Айбар Олжаев Ұлттық қор 2001 жылы құрылғанын, сол жылы оған ең алғашқы ақша – Шеврон төлеген 600 миллион доллар салынғанын атап өтті.

"10 жылдан кейін, яғни 2011 жылы Қазақстан Ұлттық қордың қазынасын 46 миллиард долларға дейін арттырды. Бірақ тағы 10 жылдан кейін - 2021 жылы қор активтері 59,5 миллиард долларға әрең жетті. Яғни осы 10 жыл мерзім ішінде бар-жоғы 13-14 миллиард долларға ғана өсе алды. Себебі, 2014 жылғы президент шешімі қордың болашағын тұманды қылған еді. Сол жылдары қордан ағылған трансферттер халыққа қызмет етпеді. Олар ФИИР деген түрлі өтірік жобалар арқылы элитаның ақша жымқыруына мүмкіндік берді", - дейді маман.

Олжаевтың сөзінше, енді Ұлттық қорды ешкім сарқып бітіре алмайды.

"Биыл Ұлттық қордан алынатын трансферт 2,77 триллион теңгемен шектелді. Мысалы, былтыр 5,25 триллион теңге алынған еді. Демек, акциялар нарығында тұрақтылық сақталса, биыл тағы 13 миллиард доллар қоса аламыз да, 2026 жылдың соңында Ұлттық қорды 90 миллиард долларға дейін толтыруға мықты шанс бар. Сол күнге жетейік", - дейді сарапшы. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар