Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысы қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ел бюджетінің тапшылығы 2029 жылға қарай төмендейді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жұманғариннің айтуынша, Қазақстандағы бюджет тапшылығы қазіргі уақытта ЖІӨ-нің 2,7 пайызын құрайды. Ол бұл көрсеткіш “рұқсат етілген шектен аспайды” деп атап өтті.
“Біз бюджет тапшылығын 2029 жылға қарай 1,9 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл мемлекетке тым көп қарыз алмау үшін, өзін-өзі шектеу үшін жасалады”, – деді министр.
Вице-премьердің мәліметінше, мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы деңгейі де аса жоғарылығы байқалмайды – шамамен 22,8 пайыз.
“Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30 пайыздан жоғары болуы мүмкін. Жалпы, 60 пайызға дейінгі қарыз – қалыпты деп саналады. Кей елдерде 100 пайыздан да асып кетеді. Ол мемлекеттің ағымдағы жағдайына байланысты”, – деп түсіндірді Жұманғарин.
Министр бюджеттің 60-70 пайызын елдің өз табысы құрайтынын айтты. Бұл кірістің 95 пайызы – салықтық түсімдер.
“Басқа кіріс көздері жоқ десе де болады. Ал Ұлттық қордан берілетін трансферт шамамен 30 пайызды құрайды”, – деп толықтырды Жұманғарин.
Сарапшылардың пікірінше, бюджет тапшылығын төмендету және салықтық базаға арқа сүйеу – Қазақстанның қаржы тұрақтылығын нығайтуға бағытталған қадам. Ал Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігі осы саясатты одан әрі жалғастыра отырып, 2029 жылға қарай дефицитті біршама азайтуға уәде беріп отыр.