"Ұлттық қор - балаларға": ата-ана нені білуі керек?

Сағыныш Сардарова 09 қаң. 2026 12:48

Қазақстанда жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық баланың шотына Ұлттық қордан қаражат аударылады, деп хабарлайды Dalanews.kz qarzhylyq_sauat арнасына сілтеп.

Қаражат қашан түседі?

2025 жылға арналған нысаналы жинақ пен оған есептелген инвестициялық табыс 1 ақпанға дейін балалардың шотына аударылады. 2008 жылы туған, биыл 18 жасқа толатын балалардың да жинағы осы мерзімде есепшотқа түседі.

Қаражат қайдан қалыптасады?

Әр балаға бөлінетін сома Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы есебінен қалыптасады және барлық балаға тең бөлінеді.

18 жасқа дейін бұл қаражат Ұлттық қордың активтерінде қала береді, инвестицияланады және қосымша табыс әкеледі. Оны мерзімінен бұрын шешіп алу мүмкін емес.

18 жасқа толғаннан кейін қалай пайдалануға болады?

Жинақ тек екі мақсатта жұмсалады:

  • тұрғын үй жағдайын жақсарту;

  • білім ақысын төлеу.

Жинақ иесі қайтыс болған жағдайда қаражат Қазақстан заңнамасына сәйкес мұрагерлікке өтеді.

Ата-ана не тексеруі керек?

Баланың:

  • жеке куәлігі бар-жоғын;

  • ЖСН рәсімделгенін;

  • аты-жөні, туған күні, азаматтығы дұрыс көрсетілгенін.

Қалай тексеруге болады?

Онлайн түрде:

  • eGov порталына кіріп,

  • жеке кабинеттегі "Цифрлық құжаттар" бөлімінен баланың дерегін көруге болады.

  • баланың ЖСН-і немесе жеке куәлігі болмаса, ХҚКО-ға жүгіну қажет.

  • Азаматтық дерегі қате болса немесе көрсетілмесе, көші-қон қызметіне бару керек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар