Биыл Қазақстанның Ұлттық қор активтері айтарлықтай қысқаруы мүмкін. "Жығылғанға жұдырық" демекші,мұнай бағасы құлдырап жатқанда биыл Қазақстан мемлекеттік қарыздар бойынша қомақты көлемде төлемдер жасауда. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Сауда соғысы шиеленіскенге дейін қорға түскен салық түсімдерінің 47%-ға қысқаруының өзі ондағы активтердің биылғы жылы айтарлықтай таяздауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ұлттық қорға 2025 жылы I-тоқсанда небәрі 622 млрд теңге кіріс түсті, ал ағымдағы жылға Үкімет қордан 5,25 трлн теңгені алуды жоспарлап отыр. Бұл орта мерзімді перспективада қор активтерінің едәуір бөлігінің сарқылу қаупін арттырады", делінген хабарламада.
Мұнайдың арзандауы, сондай-ақ биылғы жылы 37,2 трлн теңгеге дейін өсіп, ЖІӨ-нің 24,7% -ын құрауы мүмкін мемлекеттік қарыз бойынша қызмет пен өтем төлемдері шығындарының өсуі де жағдайды ушықтыра түсуде.
"Бұл көрсеткіш, әзірге халықаралық стандарттар бойынша қалыпты деңгейде болып саналады, дегенмен қарыз бойынша қызмет құны бюджеттік жүйе үшін пропорционалды болмай тұр, яғни осы жағдайға байланысты әлеуметтік және инвестициялық шығындар кеңістігі шектелуде. Мәселен, ЖІӨ-нің 24%-ы деңгейіндегі мемлекеттік қарыз сыйақылары төлемі бойынша өткен жылы республикалық бюджеттен 2,2 трлн теңге бөлінді немесе ол барлық шығыстардың 9,3%-ын құрады. Салыстыра кетсек, АҚШ-та ЖІӨ-нің 123%-ы деңгейіндегі мемлекеттік қарызының сыйақылары бойынша төлемдер 1,1 трлн долларды немесе жалпы шығыстардың 15,6%-ын ғана құрайды", - дейді қаржы нарығының сарапшылары мемлекеттік қарыз ақшаның қымбатқа түсіп жатқанын меңзеп.
Сарапшылардың пікірінше, қазір Қазақстан үшін бюджеттік ережелерді ұстану тәртібін сақтау, сондай-ақ мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту, жекелеген мемлекеттік активтерді жекешелендіруді жеделдету және мемлекеттік активтерді сапалы басқаруды қамтамасыз ету өте маңызды.