Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Атыраудағы NCOC қызметкерінің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеп, марқұмның отбасына көңіл айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің пікірі
"Әрине, өрескел жағдай екенін мойындау керек. Осы мүмкіндікті пайдаланып, министр ретінде марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтқым келеді. Мен оны танымайтынмын. Қазір тергеу жүргізіліп жатқанын білемін. Бұл қылмысқа кінәлі адамдар табылатынына және лайықты түрде жазаланатынына сенімдімін", - деді ол.
Шенеунік "бұл жағдай марқұмның жұмысына байланысты болуы мүмкін бе?" деген сауалға жауап берді.
"Пікір білдіре алмаймын. Тергеу анықтап, тиісті қорытынды шығарады деп ойлаймын. Бұл жұмысқа байланысты болды ма? Әлде тұрмыстық зорлық-зомбылық болды ма? Жауап бере алмаймын, тергеу жүріп жатыр", - деді министр.
Қайғылы оқиға
Еске салайық, 29 сәуірде Атырауда өз үйінен 45 жастағы Бибігүл Шпанова өлі табылған болатын. Оның мұнай-газ саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар, NCOC компаниясының бөлім басшысы да болған. Полиция мәліметтері бойынша әйелдің денесінде пышақ жарақаттары анықталған, ал пәтеріндегі сейф ашылған.
Марқұмның туыстары Адам құқықтары бюросына жүгініп, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті. Олар қылмыстың себебі марқұмның кәсіби қызметіне байланысты болуы мүмкін деп есептейді.
Полиция не дейді?
Полиция күдіктіні, яғни 1987 жылы туған ер адамды ұстағанын хабарлады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. "Адам өлтіру" бабы (ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заттай айғақтар тәркіленіп, тергеу жүргізіліп жатыр.
Адам құқықтары бюросы Facebook-те жариялаған хабарламаға сүйенсек, Шпанова ірі ұлттық жобаларға, соның ішінде Қашаған кен орнын игеруге байланысты жобаларға қатысқаны айтылған.
"Соталды тергеу барысы Атырау облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге, жалған ақпарат таратудан аулақ болуға шақырамыз", – деді Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі бұған дейін.