«Бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстан Республикасына кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан. Орнатылған 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеуде. Адамдар мен көлік құралдары ағынының ұлғаюына байланысты, оның төртеуінде кептеліс байқалуда. Ахуал ерекше бақылауда.
Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде.
Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды.
ҰҚК Шекара қызметі өзінің іс-әрекетінде халықаралық шарттарды және ҚР ішкі заңнама нормаларын басшылыққа алады»,-деп жазылды хабарламада.
Айта кетейік, 21 қыркүйек күні Ресей президенті Владимир Путин елде жартылай мобилизация жариялады. Ол әскер қатарына 300 мың азаматтың шақырылатынын айтты.
Нәтижесінде Ресей халқы жақын-жуық шетелдерге жаппай қаша бастаған. Алғашқы сағаттарда-ақ көрші елдерге әуе билеттері толықтай сатылып кетті. Ресейдің ірі қалаларында мыңдаған халық «соғысқа қарсы екендерін» айтып наразылыққа шықты.
Қазақстанның мемлекеттік органдары елге келуші Ресейліктердің күрт өткенінен хабардар екенін жеткізді.
Парламент спикері Мәулен Әшімбаев «Ресей азаматы өз елінің мемлекеттік органы Қазақстанға көшуіне қарсы емес деген құжат ұсынбайтын болса, оған Қазақстанда тұруға ықтияр хаттың берілмейтінін» айтты.
«Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ететін құжат елімізде қандай да бір мүмкіндіктер ұсынатыны анық. Бұл құжатты алу үшін кез келген басқа елдің азаматы өз мемлекетінен рұқсат алуы керек. Бұл талап еліміздің заңнамасында нақты белгіленген. Яғни шетел азаматы өз елінен кететіні туралы арнайы парақша мен басқа да құжаттарды ұсынуы тиіс. Ал саяси баспана беру, босқын деп тану мен босқын мәртебесін беру – ол өз алдына басқа мәселе. Бұл жағдай халықаралық шарттармен, БҰҰ желісі бойынша мақұлданған тиісті құжаттармен реттеледі. Қазір бұл тұрғыда мәселе көтереліп жатқан жоқ», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол, сондай-ақ Қазақстанның құқық қорғау және көші-қон органдары шетелдік азаматтардың, соның ішінде ресейліктердің елде тұрақты тұру үшін өтініштерін ескере отырып, заңға сәйкес жұмыс істейтінін атап өтті.