Үкіметтің республикалық бюджетке трансферттер бөлуге арналған алдын ала болжамды өтінімдері бойынша тамызда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 500 млн долларға дейін көлемде валюта алып, сатпақшы. Сонымен қатар алтынмен байланысты "шағылыстыру" операциясы аясында шамамен 290 млрд теңгенің валютасын сату жоспарланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Реттеуші орган мәліметінше, мәселен шілдеде Ұлттық қордан 700 млн АҚШ доллар көлемінде валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ "Талдықорған-Үшарал" магистральдық газ құбырын салу жөніндегі инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордың сату үлесі жалпы сауда көлемінің 12%-ын немесе күніне шамамен 32 миллион АҚШ долларын құрады.
Сол секілді "шағылыстыру" операциясы аясында шілдеде 290 млрд теңге алынғаны да белгілі.
"Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 450 млн АҚШ долларын құрады. БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұзақ мерзімді кезеңде кемінде 40% деңгейінде ұстап тұру мақсатында Ұлттық Банк шілде айында биржа сауда-саттығында шетел валютасын сатып алды, оның жалпы сомасы 35 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 0,6%-ын құрады", делінген Ұлттық Банк түсініктемесінде.
Алайда ағымдағы ақша бағамы деңгейінде БЖЗҚ валюта үлесінің 40%-дан асуына байланысты тамыз айында БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен валюта сатып алу жоспарланбаған.