«Қазгидромет» синоптиктері 27 маусымға арналған дауылды ескерту жариялады. Елдің бірқатар өңірінде қатты ыстық сақталып, кей жерлерде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қаласында күндіз ауа температурасы 35-36 градусқа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады. Шымкентте өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Абай, Павлодар, Қарағанды және Жетісу облыстарында аптап ыстық болады. Түркістан облысында күндіз ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтерілсе, Қызылорда облысында 40 градус, Жамбыл облысында 38 градусқа дейін ыстық күтіледі.
Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр.
Синоптиктердің мәліметінше, желдің екпіні кей аймақтарда секундына 20-25 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Сонымен қатар еліміздің көптеген өңірінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Жетісу, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Ақмола және Алматы облыстарында өрт қаупінің деңгейі жоғары болады.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын сақтауға, ал төтенше ыстық кезінде мүмкіндігінше күн астында ұзақ жүрмеуге шақырды.