Ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделі өміршеңдігін көрсетті

Dalanews 27 ақп. 2023 03:39 3629

Бүгінгі геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісім жаһандық күн тәртібінен түспеуде. Ал Қазақстан бұл принципті елдегі қоғамның көп этносты, көп конфессиялы қалыптасуы жағдайында жариялады. Сонымен қатар, сол жылдары монархиялық, кеңестік биліктің зардаптары сақталып қалғанын байқамау мүмкін емес те еді. Саяси және экономикалық отаршылдық мемлекеттің тәуелсіздігіне барынша кедергі келтірді. Соған қарамастан, еліміз тәуелсіздік алу мұратынан бір сәт те шегінген емес.

Бүгінде Қазақстан өзінің гуманистік, демократиялық және толерантты сипатымен ерекшеленеді. Соның айқын бір көрінісі – ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауды алдына мақсат етіп қойған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Мұндай мемлекеттік органның қажеттілігін тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев көрді. Ол осы идеяның бастамашысы болып, оның қалыптасуына жан-жақты үлес қосқанын мойындауға тиіспіз.

1992 жылы желтоқсанда ел тәуелсіздігінің мерейтойына арналған Қазақстан халқының бірінші форумы тарихи тұрғыдан Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалады. Қоғамдық институт 1995 жылы 1 наурызда сол кездегі Мемлекет басшысының жарлығымен Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде ірге қалады. Ассамблеяның басты мақсаты – Қазақстанның өркендеуіне ықпал ету, сонымен қатар патриотизмді, азаматтық бірегейлікті, бәсекеге қабілетті ұлтты дамыту және елімізде ұлтаралық келісімді орнату. Оның мәртебесі мен әлеуметтік жағдайы саяси, құқықтық және заңдық тұрғыдан уақыт өте келе қалыптасты. Осы орайда 2008 жылғы 20 қазанда арнайы қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңды және Парламент Мәжілісіне Ассамблеядан өкілдерді (тоғыз депутат) сайлаудың ерекше мәртебесін атап өтуге болады.

Әр ұлттың жеке ерекшеліктері, сол ұлттың бірлігін тану, қабылдау мәдени құндылықтар жүйесін, тарихы мен тілін еркін дамыту арқылы жүзеге асады. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар, олар ана тілін үйренуге, баспасөзге, бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуге мүмкіндік алды, олар өздерінің салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын осы күнге дейін сақтай отырып, ұлттық мерекелерін еркін тойлай алады.

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайы есігін айқара ашты, мұнда қоғам қайраткерлері жиі жиналып, түрлі этнос өкілдері бас қосып тұрады. Ассамблеяның нақты міндеті құқықтық негізде жүйеленген. Айталық:

  • этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді әрі қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайта түсу үшін қолайлы жағдай жасайды;

  • халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның іргелі құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау мен дамыту;

  • экстремизм мен радикализмнің көріністеріне және адам мен оның құқықтарына, бостандықтарына қол сұғуға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;

  • демократиялық нормалар негізінде азаматтардың саяси және құқықтық мәдениетін қалыптастыру.


Бүгінге дейін Ассамблея өзіне жүктелген сенім мен міндетті жауапкершілікпен атқарып келеді. Ұйымның белсенді мүшелерінің арасында патриоттық рухты істерімен дәлелдеп жүрген азаматтар да жетерлік. Түрлі ұлт өкілдері мемлекет ісіне, ғылымға, әдебиетке, білімге, өнерге, спортқа, бизнеске кеңінен атсалысып жүр.

Қазақстан халқы, оны құраушы қазақ ұлты қашанда адамгершілікке толы қасиеттерімен ерекшеленді

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құра отырып, қазақ халқының рухани болмысы қашанда адамгершілігімен, ішкі тұтастығымен ерекшеленетінін анық айтты.

«Қазіргі ұрпақтың ата-бабадан қалған осынау ұлы қасиеттен айырылуға қақысы жоқ. Сондықтан қазақтың зиялы қауымын, руханият қайраткерлерін, әрбір қазақты ұлағатты өткеннің мұрасын ұмытпауға шақырамын. Біз ұрпағымызды өзге ықпалдан қорғаймыз, қателескендерді ақылға шақырамыз, оларды кездейсоқ қадамдардан сақтандыруымыз керек», - деді тұңғыш президент.

Тәуелсіздікті жариялаудың бастапқы кезеңінде отарлауды еңсерген қазақ халқы өз жерлестерін тағдырдың тәлкегіне қалдырған жоқ. Ұлттық бауырластыққа тәрбиелеу, Ассамблеяның бірегей институционалдық құрылым ретінде ашылуы, мемлекеттік деңгейде өзге халықтардың дамуына жан-жақты жағдай жасау – әлемде теңдесі жоқ тәжірибе екенін атап өткен жөн.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күннен бастап орасан зор әлеуетті жинақтап, халық дипломатиясы институтының үлгісіне бейімделіп, дамудың ұзақ жолын жүріп өтті. Еліміздегі 100-ден астам этностың басын біріктірген бірегей құрылым тұрақтылықты сақтап, республиканың дамуында маңызды рөл атқарды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстанның ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатының табыстылығын бүкіл әлемге паш етуде.

Жалпы, Ассамблея жұмысының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, әрбір азаматтың өз құқықтарын толық пайдаланып, еркіндікті сезіне алуы үшін ерекше сенім, ынтымақтастық және өзара түсіністік атмосферасы қалыптасты. Әрбір қазақстандыққа ұлты мен дініне қарамастан Конституциямен кепілдік берілген.

Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, салт-дәстүрін дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның ұлтаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін мемлекет ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етуде. Әлі де осы қызметінен, мүддесінен таймайтыны анық.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар