Ұлытаудан Қызылордаға дейін: Ұлттық құрылтайдың төрт отырысында не айтылды?

Қаракөз Амантай 20 қаң. 2026 09:30

Ұлттық құрылтай 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске қосылып, елдегі мәселелер ашық талқыланатын алаңға айналды. Dalanews.kz редакциясы Қызылордада өтетін V отырыс қарсаңында, бұған дейін өткен төрт құрылтайдың басты тұстарына қысқаша шолу жасады.

I Ұлттық құрылтай

Алғашқы Құрылтай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылғы 16 маусымда Қазақстанның киелі мекені Ұлытауда өтті. Президент референдумда конституциялық өзгерістерді қолдаған халыққа алғыс айтып, Жаңа Қазақстанның бір күнде құрылмайтынын, оған қоғам болып жұмылу керегін атап өтті.

Құрылтай құрамына 117 адам кіріп, негізгі міндеттер ретінде жалпыұлттық бірлікті нығайту, реформаларды халыққа түсіндіру және жаңа технологиялар арқылы азаматтардың қатысуын кеңейту бағыттары белгіленді. Сондай-ақ Президент Ұлттық мерекелер жүйесін жетілдіру, кадрлар мәселесіне қатысты ойларымен бөлісу және қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы маңызды ойын айтты.

II Ұлттық құрылтай

Екінші құрылтай 2023 жылы 18 маусымда Түркістанда “Әділетті Қазақстан – Адал азамат” тақырыбында өтті.

Мемлекет басшысы құрылтайда елді жаңғыртудың негізгі бағыттарын жүйелеп, бірқатар басым міндеттерді атады.

Алдымен Президент мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажеттігін айтты. Ұлттық брендті нығайту үшін бірыңғай дизайн-код пен ортақ стандарт керек екенін, аймақтар мен қалалардың таңбаларын біріздендіру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік марапаттар жүйесі мағыналы әрі халыққа түсінікті болуы тиіс деді.

Одан кейін тарихи сана-сезімді жаңғырту мәселесіне тоқталды. Қазақстанның жаңа академиялық тарихын әзірлеуді жеделдету, археология мен тарихи зерттеулерге жүйелі қолдау көрсету қажеттігін айтты. Сонымен бірге ономастика саласын тәртіпке келтіруді тапсырды.

Келесі кезекте мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу қажеттігі сөз болды. Президент ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде насихаттауды, оны «жұмсақ күш» ретінде тиімді пайдалануды ұсынды. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеу және ЮНЕСКО аясындағы жұмыстарды күшейту маңызды екенін атап өтті.

Бұдан соң өскелең ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік желінің жастар тәрбиесіне кері әсері күшейіп отырғанын айтып, мектептегі тәрбие жұмысы мен әлімжеттік мәселесін көтерді. Балаларды еңбекқорлыққа, отаншылдыққа және жауапкершілікке баулу қажеттігін баса айтты.

Президент ақпарат саясаты мен креативті индустрияны дамыту мәселесіне де тоқталды. Медиа, кино және кітап саласының қоғам санасына ықпалы зор екенін айтып, бұл бағыттарды жүйелі түрде қолдау керектігін жеткізді. Балалар мен жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды міндет ретінде аталды.

Сонымен қатар мемлекеттік саясаттағы талдау мен сараптаманың сапасын арттыру қажет екені айтылды. Қабылданатын шешімдер халықтың пікіріне сүйеніп, кәсіби зерттеулер негізінде жасалуы тиіс екенін атап өтті. Ол үшін мықты сараптама орталықтарын қалыптастыру керектігін жеткізді.

Содан соң шекаралас аймақтарды дамыту мәселесі көтерілді. Президент бұл өңірлердің ел қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтып, бірқатар аудандарды қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Бұл қадам өңірлік дамуға серпін беретіні атап өтілді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға тоқталды. Мемлекеттік қызметшілер үшін басты талап – кәсібилік пен отаншылдық екенін айтып, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту бағыты жалғасатынын мәлімдеді. Президент өзін халықпен белгілі мерзімге келісімшартқа отырған менеджер ретінде сипаттап, саяси мәдениеттің өркениетті үлгісін қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

III Ұлттық құрылтай

Үшінші отырыс 2024 жылғы 15 наурызда Атырау облысындаАдал адам – Адал еңбек – Адал табыс” тақырыбында өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынның Жайық бойында, тарихы терең Сарайшықпен сабақтас өңірде өтуін елдік мұра мен сабақтастықтың символы ретінде түсіндірді.

Мемлекет басшысы ең алдымен береке-бірлік мәселесіне тоқталып, зиялы қауымның қоғамды ұйыстырудағы рөлін ерекше атады. Тарихи тұлғаларды бір-біріне қарсы қою, дауға ұрыну ел ішіне іріткі салатынын айтып, өткенге эмоциямен емес, шынайы көзқараспен қарауға шақырды. Сондай-ақ орынсыз “ескерткіш қою, көше атауын сұрау” үрдісін сынап, ономастикада жалпыұлттық құндылықтарға (тәуелсіздік, бірлік, республика) басымдық беру керегін айтты.

Құрылтайда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту ұстанымы өзгермейтінін, оған ең тиімді жол мәжбүрлеу емес, ағартушылық екенін атап өтті. Қазақ тіліндегі кітаптар мен аудармалардың көбейгенін айтып, кітапханаларды дамытуға басымдық берілетінін жеткізді. Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу жоспарын және Ұлттық кітап күнін белгілеу бастамасын қолдайтынын айтты.

Мемлекет басшысы ұлттық бірегейлік және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға да арнайы тоқталды. Наурызды Көрісу күнінен бастап жаңаша атап өтуді, ұлттық киім мәдениетін кеңейтуді қолдады. Қоғамға жат радикалды үрдістерге қарсы тұру, дәстүрлі рухани сабақтастықты сақтау қажеттігін атап өтті, Ясауи мұрасын зерделеуге мән беруді және Ясауи қабірінің көне жапқышын қалпына келтіруді тапсырды.

Тарихи саясатта Президент Жошы ұлысының 800 жылдығын аста-төк тоймен емес, терең зерттеумен ұлықтауды айтты. Алтын Орда тарихын халықаралық деңгейде танытатын деректі фильмдер мен ғылыми институт жұмысына тоқталды. ЮНЕСКО бағытындағы жұмысты жалғастыру, Үстірт қорығы, жерасты мешіттері, петроглифтер сияқты нысандарды қорғау, сондай-ақ археологияда лицензиялау мен жауапкершілікті күшейтіп, «қарақшы-археологтармен» күресті қатаңдату қажеттігін көтерді.

Мемлекеттік рәміздерге қатысты Президент Туға, Әнұранға мін жоқ екенін айтты, ал Елтаңбаға қатысты сын-пікір барын ескеріп, қоғам ортақ келісімге келсе, комиссия құрып, ашық байқау жариялау мүмкіндігін жоққа шығармады. Сонымен бірге тарихи жадыны сақтау аясында Жеңістің 80 жылдығына дайындықты ертерек бастауды, батырлар есімін ұлықтауды және «Айбын» орденінің дәрежелерін Нұрмағамбетов, Момышұлы, Қошқарбаев есімдерімен атау ұсынысын айтты.

Президент қоғамда кең тараған жағымсыз әдеттер мен қауіпті кеселдерге қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, синтетикалық есірткі өндірісіне жазаны қатайтуды, вейп пен насыбай айналымына тосқауыл қоюды, құмар ойынға заңдық шектеуді күшейтуді айтты. Бұдан бөлек тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, вандализм және ысырапшылдық сияқты проблемаларға «заң мен тәртіп» қағидасымен нақты жауап қажет екенін жеткізді.

Әлеуметтік-экономикалық блокта Президент Үкіметке төрт ірі инфрақұрылымдық бастамажүктеді: жылу орталықтарын және инженерлік желілерді жаңғырту, тұрғын үй бағдарламаларын кеңейту (оның ішінде ауыл-аймаққа арналған), кемінде 12 мың шақырым жолды салу/жөндеу, сондай-ақ газдандыруды ұлғайтып, газ желілерін жаңарту. Елді транзиттік хабқа айналдыру үшін логистика, теміржол, теңіз инфрақұрылымын дамыту және тариф саясатын икемдеу қажеттігін айтты. IT бағыты бойынша суперкомпьютер, дата-орталық, Каспий арқылы талшықты-оптикалық желі жобаларын атап, цифрландыруды барлық салаға енгізуді тапсырды.

Сөз соңында Президент бюджет қаржысын үнемдеу мен шығынды қатаң бақылауды талап етті. Сондай-ақ елге жауапкершілікпен қарайтын, қоғамға нақты пайда әкелетін «ұлттық буржуазия» қалыптастыру идеясын көтеріп, кәсіпкерлерді мешітпен шектелмей, мектеп, аурухана, кітапхана, спорт нысандары сияқты әлеуметтік маңызы бар жобаларға көбірек инвестиция салуға шақырды.

IV Ұлттық құрылтай

Ұлттық құрылтайдың IV отырысы 2025 жылы 14 наурызда Ақмола облысы Бурабайда өтті.Президент соңғы үш жылда жүргізілген реформалардың нәтижесін атап, Парламент құзырының кеңейгенін, Үкімет жауапкершілігінің артқанын, Конституциялық соттың құрылғанын және жергілікті басқарудың жаңғырғанын айтты. Сонымен бірге барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлау жүйесіне көшетінін мәлімдеді.

Президент ең өзекті тақырыптардың бірі ретінде салық реформасына тоқталды: бюджет тұрақтылығы үшін өзгеріс қажет екенін, жеңілдіктер мен режимдердің көптігі «салық офшоры» сияқты ахуал туғызғанын айтты. Бизнесті бөлшектеп, салықтан жалтаруға жол бермеу үшін Үкімет пен Парламентке заңнаманы жедел түзетуді тапсырды, ал әлеуметтік қолдау нақты мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс екенін ескертті.

Қоғамда талқыланған бірыңғай уақыт белдеуі мәселесі бойынша пікірталасты доғаруды ұсынып, бір уақыт белдеуі басқару мен логистиканы жеңілдетеді деген ұстанымды қолдады. Сонымен бірге әлеуметтік желідегі тіл тигізу, жалған ақпарат тарату, қоғамдық әдептің әлсіреуі, жастарға ықпал ететін жат діни ағымдар қаупіне назар аударып, заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеу керектігін айтты.

Президент алаяқтықтың көбеюін (қайырымдылық атын жамылу, интернет-алаяқтар, жалған «коучтар») жеке проблема ретінде көтеріп, жауапты органдарға қатаң бақылауды тапсырды. Кино мен контент сапасы туралы да айтты: фильм көп түсірілгенімен, зорлық-зомбылық пен қылмысты насихаттайтын өнімдерді шектеу үшін кинотеатрға шығар алдында алдын ала сараптау тетігін қарастыру қажет деді, ал ұлттық нақыштағы анимацияны көбейтуді қолдады.

Әлеуметтік саясатта әйелдер колонияларындағы, әсіресе жүкті және баласы бар әйелдердің жағдайына назар аударып, қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты жазалау емес, түзету болуы керектігін айтты. Балаларды қорғау бағытындағы жоспарлардың мерзімі аяқталатынын ескертіп, шашыраңқы құжаттарды біріктіретін «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарламаны қабылдауды ұсынды және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын кеңейтіп, оны «Адал азамат» деп атау ұсынысын қолдады.

Идеология мен мәдениет бағытында ономастиканы орталықтандыруды жалғастырып, атау беруде тамыр-таныстыққа жол бермеуді, тарихи еңбегі дәлелденбеген тұлғаларды ұлықтамауды ескертті. Наурызнама тұжырымдамасы бойынша мерекені 14 наурыздан бастап 10 күн атап өтуді, «Ұлттық киім күні» бастамасының қоғамда қолдау тапқанын айтты; аймақтық театрларды дамытуға, Абай институтын халықаралық мәдени-ағарту орталығына айналдыруға тапсырма берді. Сондай-ақ Қазақстан туралы деректерді цифрландыруды күшейтіп, ұлттық цифрлық мұрағат құру қажеттігін атап өтті және келесі Құрылтайды Қызылордада өткізуді ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove