Арнайы мемлекеттік қордан заңсыз шығарылған және елге қайтарылған активтер есебінен 880 млн теңге бөлініп, бұл қаражат Ұлытау облысында жеті медициналық мекеме салуға бағытталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән береді. Өңірде азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арнайы мемлекеттік қордан денсаулық сақтау нысандарын салуға 880 млн теңге бөлінді", – делінген хабарламада.
Бұл қаражат "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында Ұлытау және Жаңаарқа аудандарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жеті нысанның құрылысына жұмсалуда.
Соның ішінде екі жаңа дәрігерлік амбулатория Ақтүбек және Кенгір ауылдарында ашылады. Ал Бетбұлақ, Пионер, Қорғасын, Айнабұлақ және Егінде ауылдарында медициналық пункттер салынып жатыр. Барлық нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін Президент тапсырмасымен Қызылорда облысында қайтарылған активтер қаражаты есебінен 7 млрд теңгеге жаңа медициналық мекемелер салынған еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Қазақстанда заңсыз шетелге шығарылған активтерді елге қайтару арқылы әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасып жатыр. Арнаулы мемлекеттік қордан Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаға шамамен 7 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаражат Арал, Қазалы, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы орталық аудандық ауруханалар жанынан жаңа ғимараттар салуға бағытталған.
Онда инсульт орталықтары, рентгенхирургия бөлімшелері және басқа да бейінді бөлімдер ашылып, заманауи медициналық жабдықтар: магниттік-резонанстық томография, компьютерлік томография және ангиографиялық қондырғылар орнатылады.
Жобалар жүзеге асқан соң ауылдық жерлердегі 300 мыңнан астам тұрғын мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізеді.
Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланған.