Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы ұсталды

Қаракөз Амантай 09 қаң. 2025 09:48 725

Ұлытау облысында экология саласындағы рұқсат құжаттарын беру үшін кәсіпкерден 2,5 миллион теңге пара алды деген күдікпен шенеунік ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, экология саласындағы жемқорлықты жою бойынша белсенді шаралар қолға алынған. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының экология департаментінің екі басшысы мен орынбасары, сондай-ақ Қызылорда облыстық экология департаменті басшысының орынбасары және басқа да тұлғалар жемқорлық әрекеттері үшін әшкереленген.

2025 жылдың 6 қаңтарында Ұлытау облыстық экология департаментінің басшысы пара алу фактісі бойынша ұсталып, 8 қаңтарда сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу барысында басқа тұлғалардың осы іске қатысы бар-жоғы анықталуда.

Агенттік мәлімдемесінде, күдікті 2024 жылдың 26 тамызында кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны айтылған. Ол кәсіпкерге қоршаған ортаны қорғау шараларының орындалуы туралы есепті заңсыз талап еткен.

Айта кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу деректері толық жарияланбайды. Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясына сәйкес, күдікті тұлға кінәсі сотпен дәлелденгенге дейін кінәсіз болып саналады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар