Ұлым туған жерінен ұнжырғасы түсіп оралды - Португалиядағы экспат-қазақ

Қаракөз Амантай 23 там. 2024 17:22 9125

Қазақстандағы “Арландар” футбол клубы мен Португалиядағы "Брагалона" клубының құрылтайшысы Фазылбек Әбсаттарұлы елдегі әділетсіздік жайлы сөз қозғады.

Айтуынша, жазғы демалыста Португалиядан Қазақстанға келген 13 жастағы баласы футбол турнирі кезінде жайсыз жағдайды бастан өткерген. Бұл туралы кәсіпкер Dalanews.kz агенттігіне баяндап берді.

Фазылбек Әбсаттарұлы 2014 жылы "Арландар" футбол клубының негізін қалаған. 2017 жылдан бері футбол саласында Португалия елімен серіктес болып жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда ол екі ел арасын футбол клубы арқылы жалғап, қазақ балаларының шетелдік аренаға шығуына үлес қосып жүр.

Бірнеше жыл іс-сапармен ғана Португалияға ат басын бұрған кәсіпкер, сол елдің тыныс-тіршілігімен толық танысқаннан кейін 2023 жылы отбасымен қоныс аударған.

Кәсіпкер осы жылдың жаз мезгілінде үш айлық демалысты сылтауратып бала-шағасымен Қазақстанға келген.

Осылайша Португалияның ең үздік "Спортинг Брага" футбол клубында доп тебетін Ұлтқанат есімді ұлы "Былғары доп" атты турнирге қатысуға ниет білдіреді. Ол "Арландар" футбол клубымен қатысуға бел байлайды. Алайда баласы ойыннан кейін үлкен психологиялық қысымға ұшыраған.

“Әділетсіздік деген – үлкен тақырып. Менің бұған етім үйреніп кеткен. Айналамда біреу қырылып, әділетсіздік орын алып жатса да ауыз ашпай келдім. Бірақ ата-ана үшін ең ауыр нәрсе бұл – баласының қиналғаны екен. Баламның басынан өткен жағдай маған да ауыр тиіп жатыр.

Ол елін-жерін сағынып, Португалиядан Қазақстанға келді. Футболдан турнир өтейін деп жатқанын естіген соң қатысқысы келетінін айтты. Мұнда номинациялар мен жүлделі орындарға ақшалай сыйлық берілетіні хабарланды. Балам маңдай терімен ақша тауып үйреніп қалған. Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келді де турнирге “туын” көтеріп шықты.

“Былғары доп” турнирінің ұйымдастырушылары әкімдік болса керек. Ойын барысында бірыңғай әділетсіздікті бастан өткердік. Балама ауыр тигені мына нәрсе болды. Ол Португалияда білім алып, сол жердің ең үздік футбол клубында ойнап келеді. Мұнда жоғары мәдениет қалыптасқан. Біз үшін таңсық  нәрселер жетіп артылады. Біздегі мәдениетпен салыстыруға келмейді. Балалар жеңіліп жатса да, қарсыласын сыйлай біледі. Айналасын таза ұстайды. Бәрі бір-бірін қатты құрметтейді. Футболдың ең жоғары мәдениеті Португалияда дамыған деп айтар едім. Ал балам Қазақстанның футболдағы жағдайын көріп, ұнжырғасы түсіп, еңсесін көтере алмай қалды", - дейді ол.

Оның сөзінше, турнир ұйымдастырушылары мен төрешілері ережеге қайшы келетін әрекеттерге жол берген.

"Турнирде сол баяғы әдет бойынша қарсылас командалар жасы үлкен балаларды әкелген. Бұл - футбол ережесіндегі ең ауыр қылмыс. Сөйтіп жартылай финалда бірыңғай ірі денелі үлкен балалар шықты. Ұйымдастырушыларға бұның үлкен қылмыс екені айтылды. Олар ескертуімізді елемеді. Әйтеуір тезірек бітсе екен деп тұр. Төрешілер де не тірі емес, не өлі емес үнсіз қалды. Осылайша клубымыз олардан ұтылып, 3-орынға ие болды. Онда да балам команданы жалғыз өзі сүйреп шықты. Ал "Үздік номинацияларды" табыстаған кезде, Еуропаның шаңын шығарып, турнирде тамаша ойын көрсетіп, көзге түскен балама ешқандай номинация берілмеді. Керісінше нашар ойнағандар әділетсіз түрде еншілеп кетті. Тіпті олардың көбі ережеге қайшы келетін үлкен жастағы балалар еді. Соған балам қатты ренжіді", - дейді кәсіпкер.

Бұл оқиғадан кейін Ұлтқанаттың көңілі құлазып, психологиялық тұрғыдан ауыр соққы алған.

"Балам Португалияда командасын сүйреп жүрген футболшы ғой. Енді оған “Қазақстан ұлттық құрамасында ойнайсың” деп қалай айтамын? Сөзімнің өтпейтінін білемін. Ал жұрт тек жаман ойлайды. Бірақ бір шындық бар: баламды қазір "Реал Мадрид" академиясына алуы мүмкін, алайда Қазақстанның сонау түкпіріндегі қирап қалған клуб алмайтыны анық...”, - дейді ол.

Кәсіпкердің әзірге Қазақстанға оралатын ойы жоқ.

“Негізі баламды кәсіби футболшы етемін деген мақсатым жоқ. Балам футболды ерекше ұнатады. Соған қолдау білдіру мақсатында Португалияға бардық.

Менің негізгі мақсатым – баламның жақсы жерде жүруі болды. Бір шетінен елден кетуге де жақсы сылтау еді. Португалия балалар футболында әлемдік рейтингте бірінші орында. Сол үшін өз қаражатыммен апардым. Ешқандай демеушілік алмадым. Бала-шағамды алып, сол жаққа көшіп кеттік. Мен бұл жерде де футбол клубын сатып алдым. Соны жүргізіп жатырмын.

Жалпы сыбайлас жемқорлық, қоғамдық азғындық, балалар өлімі, суицид, буллинг, балалар кедейшілігі мен оларға көрсетілген зорлық-зомбылық, т.б. жағынан Қазақстан әлемде алдыңғы орынға шығыпты. Содан болар барлығы “Қазақстанға келмеңдер, тезірек кетіңдер” деп кеңестерін береді. Оны естіп жүрген балаларым: "бізді Қазақстаннан неге қуып жатыр?" деп ойлап қалады. Оларға балалардың көзінше өтірік қарсылық білдіремін. Себебі сағынып келген балаларымның көңіліне кірбің түсіргім келмейді. Сөйтсем олар да қоймайды: бұны "қызың мектепте зорланып, ұлың суицид жасаса ғана түсінесің" деген пікірлер айтады. Ал мен мұндай жағдайда іштей күрсініп, үнсіз қалып жатамын", - дейді ол.

Оның сөзінше, Қазақстанда футбол жайлы ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ. Себебі бұл саланы дамытуға еш жағдай жасалмаған.

“Өз-өзімізді алдап қайтеміз. Тіпті бізде қарапайым стандартқа сәйкес футбол алаңы да жоқ.

Мәселен, стадиондарда арнайы табиғи газон болуы керек. Ал бізде Астана аренаның өзінде жасанды газон төселген. Сондықтан шетелден келетін командалар осыған шағым айтып жатады. Мысалы, боксшының қолғабы немесе теннисшінің ракеткасы жоқ болса, қалай ойын алаңына шығады? Бұл да соған ұқсас жағдай. Бізде қарапайым футбол алаңы болмағаннан кейін оның ар жағын қазбалауға әлі ерте. Ешқандай инфрастуктура мен тартылып жатқан инвестиция жоқ. Негізі барлық салаға ғылыми тұрғыдан қарау керек. Ғылыми қадам болса, даму болады. Ал ғылым жоқ жерде, өкінішке қарай ешқандай өзгеріс те болмайды”, - деп сөзін қорытындылады ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар