Аймақ басшысы алдымен Қонаев қаласындағы Даңқ мемориалы ескерткішіне гүл қойып, сұрапыл соғыста қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бабалар рухына тағзым еткен облыс әкімі Марат Елеусізұлы, орталық алаңда барша халықты Жеңіс күнімен құттықтады.
– Бұл соғыста Кеңес Одағының халқы үлкен батылдық пен төзімділіктің ерекше үлгісін көрсетті. Кеңес Одағы қарулы күштерінің құрамында соғыс жылдары барлығы 35 миллион адам болса, бұлардың 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар болды. Өкінішке орай, ардагерлеріміздің қатары күннен-күнге сиреп, азая түсуде. Бүгінгі күні Жеңіс мерекесін облыс бойынша 10 соғыс ардагері қарсы алуда.
Ұлы Жеңістің арқасында бiздiң аспанымыз ашық болып, тыныштықта бейбiт өмiр сүрiп, алаңсыз еңбек етiп келемiз. Сондықтан біздің міндетіміз – әрбір соғыс ардагеріне қамқор болып, олардың өшпес ерлігіне құрмет көрсету, – деді өз сөзінде Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, өңір басшысы Алматы облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті бюджеттен 222,7 млн теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілгенін тілге тиек етті.
Әкімнің айтуынша, Ұлы Отан соғысының 10 ардагерлеріне 1,5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемдер қарастырылған.
Жеңістің 78 жылдығына арналған мерекелік шара балалар шығармашылық орталығының қойылымынан бастау алып, өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.