Астанада оқыс оқиғадан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жесірі Әділет Зейнел "Народная партия Казахстана" арнасына сұхбат беріп, жаңа қарым-қатынасы, той суреттерінің желіге қалай тарағаны және бұрынғы қайын жұртымен арадағы байланысы туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әділет сұхбатқа анасы Эльза Ермановамен бірге келген. Оның сөзінше, сұхбат берудегі басты мақсаты – қоғамда тараған түрлі пікірлерге жауап беріп, Ұлданаға тиесілі қаржының олардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалмағанын түсіндіру.
Әділеттің айтуынша, олар қуанышты жаңалықты көпшілікке жарияламай, шағын ортада өткізуді жоспарлаған. Алайда той кезінде түсірілген фото мен видеолар әлеуметтік желіге тарап кеткен.
"Суреттегі – менің қалыңдығым, әлі әйелім емес. Бұл жағдайдың талқыланатынын білдік, бірақ мұндай деңгейде болады деп ойламадық. Мейрамхана иесі мен мобилографтардың суреттер мен видеоларды желіге жариялайтынын ескермеппіз", – деді ол.
Сұхбат барысында Әділеттің анасы Эльза Ерманова да сын-пікірлерге жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта олар Ұлдананың ата-анасымен араласпайды.
"Баласынан айырылған адамның көңіл күйін түсінемін. Сондықтан ешкімді ренжітпей, тыныш қана өткізгіміз келді. Ұлдананың нағашы апасы біздің бәрібір туыс болып қалатынымызды, Әділет үйленемін десе қарсы болмайтынын айтқан. Бірақ Ұлдананың анасынан мұндай сөз естімедік. Оның жүрегін тағы жаралағым келмеді", – деді ол.
Эльза Ерманованың сөзінше, әзірге тек қызды ұзатып әкелу рәсімі өткен. Ал ұл жағынан жасалатын үлкен той келесі жылдың жазына жоспарланған.
Әділет Зейнел де бұрынғы қайын жұртымен қарым-қатынасының суығанын жасырмады. Оның айтуынша, бұған ақпан-наурыз айларында тараған үйлену туралы қауесеттер себеп болған.
"Ұлдананың әпкелері мен туралы әртүрлі әңгіме айтып, жазып жүрді. Кейін Ұлдананың рухына Құран бағышталатын жиынға әріптестерімді шақырып, мені шақырмады. Сол кезде менімен араласқысы келмейтінін түсіндім", – деді ол.
Оның айтуынша, Ұлдананың туыстарымен байланысы ақпан айынан бастап біртіндеп үзілген.
Әділеттің анасы ұлының жұбайынан айырылғаннан кейін ауыр кезеңді бастан өткергенін де айтты.
"Әділет қараша айынан бері жұмысқа шыққан жоқ. Жағдайы нашарлап кетті. Біз оның қайта өмірге араласып, адамдармен сөйлесіп, өзіне келуін қаладық. Әр адам бақытты болуға лайық деп ойлаймын. Еш жерде міндетті түрде бір жыл немесе жарты жыл күту керек деп жазылмаған. Мен ана ретінде баламның қайта күліп жүргенін қаладым", – деді Эльза Ерманова.
Әділет қазіргі қалыңдығымен мамыр айынан бастап жақын араласа бастағанын айтты. Сондай-ақ ол қалыңдығы Ұлдананың жақын құрбысы болған деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Ол Ұлданамен құрбы болған емес. Екеуі екі жыл бір жерде жұмыс істегенімен, бір рет қана бірге ауысымға шыққан. Таныс болған, бірақ жақын араласып, сырласқан емес", – деді ол.
Әділет әлеуметтік желіде қалыңдығының жүкті екені туралы тараған әңгімеге де тоқталды. Ол бұл ақпаратты нақты растамағанымен, болашақта тағы да әке атануға қарсы емес екенін жеткізді.
"Қазір күліп, қайта өмірге араласып жүргенім – Алланың, анамның және қасымдағы адамның арқасы. Ол маған жаңа өмір сыйлады. Қазір өзімді бақытты сезінемін", – деді Әділет Зейнел.