Украинаның Бас прокуратурасы Айдос Садықовқа қастандық жасалуына байланысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 19 мау. 2024 09:29 398181

Украинаның Бас прокуратурасы Айдос Садықовқа қастандық жасалу ісіне байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Киев қалалық прокуратурасының іс жүргізу басшылығымен журналисті, Қазақстан азаматын қасақана өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған (Украина Қылмыстық кодексінің 15-бабының 2-бөлігі, 115-бабының 1-бөлігі бойынша).

Прокуратура мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша,белгісіз біреу Садықов пен әйелі отырған көлікке келіп, қасақана оқ атып, қашып кеткен. 

Қастандық оқиғасы Киевтің Шевченков ауданында ерлі-зайыптылар тұратын үйдің жанында болған. Садықов қазір ауруханада ауыр жағдайда жатыр.

"Құқық қорғау органдары шабуылдаушының жеке басын анықтау үшін шаралар қолданады. Сотқа дейінгі тергеуді Киев қаласындағы Ұлттық полиция бас басқармасының тергеушілері жүзеге асырады", - делінген хабарламада. 

Еске салайық,18 маусымда Киевте "БАСЕ" басылымының басшысы Айдос Садықовқа қастандық жасалған болатын.

Бұл туралы украиналық БАҚ-тар хабарлай бастады. 

"Алдын ала болжам бойынша, Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасалды. Ол - қазақстандық журналист, "БАСЕ" оппозициялық интернет порталының басшысы. Жағдайы ауыр", - деп жазылған "БАЙРАКТАР NEWS" телеграм арнасында.  

Бұған дейін телеграм арна Киевтің Шевченский ауданында атыс болғанын жазған. Басылым мәліметінше, тұрақта тұрған көлікте ер адам әйелімен отырған. Белгісіз біреу келіп, ер адамды атып жіберіп, қашып кеткен. Әйел адам жарақат алмаған. 

Журналист Наталья Садықованың сөзінше, Айдос Садықовқа үйінің маңында қастандық жасалған. 

Айта кетейік, Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар