Мәжіліс депутаттары өңірлердегі су тасқынына қатысты бүгінгі жағдайды тағы да сөз етті. Осы тұста "Amanat" партиясының мүшесі Мақсат Толықбай ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттары атынан сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат еліміздің тең жартысы қайтадан су астында қалғанын және бұл жағдай көктемнің басталуымен жыл сайын қайталанып отыратынын атап өтті.
"Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. "Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз", – делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ", - деді депутат.
Айтуынша, төтенше жағдайға байланысты бірқатар депутат су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанық болған.
"Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз. Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ", - деді ол.
Оның сөзінше, су саласында білікті маман тапшы.
"Бір ғана болжаммен еш нәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни, ғалымдарға жағдай жасалмай, еш нәрсе түзелмейді деген сөз.
Жоғарыда айтқанымдай, біз күні кеше Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге халықтың жай-күйімен, осы бағытта қолға алынып жатқан шаралармен көзбе-көз танысу үшін Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайттық. Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан су шайып өткен бірнеше үйге "AMANAT" партиясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан едік. Өкініштісі, сол үйлер тағы да суға кетті", - деді ол.
Сонымен қатар ол жалпы баспанасы жермен-жексен болып, бала-шағасымен босып кеткен ағайынның мәселесін көтерді.
"Рас, Мемлекет басшысының: "Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі", – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе?
Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек", - деді Толықбай.
Осы тұста ол жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады.
1) Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;
2) ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;
3) өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;
4) гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;
5) биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру, – деді ол.