Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов үлестік құрылыс саласын қатаң бақылауға алып, заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өтті. Ол құрылыс саласындағы тәуекелдерді азайту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үлескерлік құрылыс мәселелері
Премьер-министр көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып отырғанын сынады.
"Компаниялар ешқандай кепілдік берместен үлескерлермен шартқа отырады. Бұл азаматтар үшін үлкен тәуекел. Қазір Мәжіліс үлестік құрылысқа қатысты заң жобасын әзірлеп жатыр. Индустрия министрлігі депутаттармен бірлесе отырып, үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы тиіс. Сонымен қатар, үлестік құрылысқа қатысты шарттарды әзірлеу тетігі азаматтардың тәуекелдерін толығымен жоюы қажет", – деді премьер-министр.
Тапсырмалар мен шаралар
Премьер-министр келесі міндеттерді айқындап берді:
• Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып, тұрғын үйлер мен инженерлік желілерді іске қосудың 2025 жылға арналған жоспарларын орындау тапсырылды.
• Жаңа ипотекалық бағдарламалар мен құрылыс көлемінің өсуін ескере отырып, жергілікті материалдардың үлесін арттыру міндеттелді.
• Құрылыс материалдарын өндіру бойынша жобалар 2025 жылға дейін іске қосылуы тиіс.
• Еңбек нарығының сұранысын ескеру: Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Өнеркәсіп және еңбек министрліктеріне 2030 жылға дейін құрылыс саласына қажетті 200 мыңнан астам білікті маманды даярлау мәселесін шешу тапсырылды.
Премьер-министрдің айтуынша, үлестік құрылыс саласындағы реформалар үлескерлердің құқықтарын қорғап, олардың қаражатын сақтауға бағытталған. Жаңа заңнамалық нормалар мен бақылау тетіктері бұл саланы реттеуді күшейтіп, құрылысқа сенімділікті арттыруға мүмкіндік береді.