"Үкімет мемлекет ақшасын санауды үйрене алмай отыр": депутаттардың неге көңілі толмайды?

Сағыныш Сардарова 19 мау. 2025 15:50

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 10 жылда 2,5 есе өскен. Мәселе қаншалық күрделі? Dalanews.kz шолу жасады.

Бір топ депутат қарсы болды: себебі неде?

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған бірқатар депутат Үкіметтің 2024 жылға арналған есебіне қарсы дауыс береді.

"Біріншіден, есепті таныстыру барысында Үкіметтің өз мәлімдемесінен бірқатар елеулі ауытқу анықталды. Мәселен 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасын бекіту кезінде Үкімет 2025 жылдан бастап Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттерден толықтай бас тарту жоспарын жариялаған. Ол кезде Мәжіліс бұл тәсілді қолдаған болатын. Бұл шешім кейінірек қайта қаралғанымен, Ұлттық қордың шығындары кем дегенде азаяды деген үміт бар еді. Алайда шын мәнінде барлығы басқаша болып шықты: егер 2023 жылы Ұлттық қор бюджет шығыстарының 46 пайызын жапса, 2024 жылы бұл тәуелділік 54 пайызға дейін өсті. Яғни Ұлттық қорды тауысу арта түсті", - деді депутат.

Депутаттар қарызға әуес болмауды да талап етті.

"Бөтеннің ақшасын уақытша аласың, бірақ өз ақшаңды мәңгілікке қайтаруың керек. Мемлекеттік органдар осыған жиі құлақ асуға да уәде береді. Бірақ шын мәнінде, егер Қазақстан 2023 жылы сыртқы серіктестерден 252 миллиард теңге қарыз алса, 2024 жылы бірден 6 есе көп қарыз - 1 триллион 450 миллиард алған! Оған қоса, мұндай несиелердің негізгі шарттары – айтылған пайыздық мөлшерлемелер мен мерзімдер кейде ЖАП аудитімен расталмайды. Яғни бұл несиелердің түпкілікті құны басқа болып шығады. "Ақ жол" фракциясы бұл мәселені 2023 жылы көтерген, ол кезде мысалы "Жолаушылар тасымалы" АҚ мемлекет кепілдігімен еуро бағамына байланған теңгемен-мыс шетел несиесін тартқан. ...Бұл тәжірибе жалғасып жатыр: теңгедегі, бірақ шетел валютасында индексацияланған мұндай келісімдер ратификациялары қайтадан келіп жатыр. Үкімет барлығынан "белді бекем бууды" талап еткенмен, өзі мемлекет ақшасын санауды үйрене алмай отыр", - деді депутаттар.

Депутаттар Қаржы министрлігін не деп сынап отыр?

Депутат Ұласбек Сәдібеков бюджетті жоспарлау, жүзеге асыру және бақылау барысында жүйелі қиындықтар кездесіп отырғанын мәлімдеді.

"Мемлекеттік борышты өтеу мәселесі үлкен алаңдаушылық тудырады. 2024 жылы үкіметтік борышты (қарызды) өтеу және оған қызмет көрсетуге жұмсалатын шығын артты. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш бюджет шығыстарының 28,3%-ын құраса, 2024 жылы ол 41,6%-ға (5,6 трлн теңге) жетті. Бұл өте алаңдатарлық жағдай, себебі борыш көбейген сайын елдің дамуы үшін инфрақұрылымға және халыққа жұмсалатын қаржы азая береді", - деді ол.

Депутат Татьяна Савельеваның сөзінше, қарызды қайтарудағы бағалау, фискалды және валюта қаупін талдау, сондай-ақ, борыштық міндеттемелердің барлық түрі бойынша баланс жетіспейді.

"Мемлекеттік қарыз мөлшері ЖІӨ-нің 22 пайызы деңгейінде қалып отыр. Үкіметтің көзқарасы бойынша бұл дабыл қағатындай жағдай емес. Алайда, Жоғары аудиторлық палатының әділ бағалауы бойынша, бұл тәсіл нақты жағдайды бұрмалайды", - деді Савельева.

2025 жылдан бастап Бюджет кодексінің жаңа ережелері күшіне енді.

"Бюджет кодексінің жаңа нормаларын іске асыру үшін Қаржы министрлігі қандай нақты тетіктерді әзірледі және енгізді? 2025 жылғы есепті қарайтын кезде ЖАП жыл сайын анықтайтын ескертулер қайталанбайды деп сенімді отыра аламыз ба?" - деді депутат Савельева қаржы министріне.

Министрдің жауабы қандай?

Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз мөлшері 31,9 триллион теңге болғанын, бұл ЖІӨ-нің 21 пайызына жететінін айтты.

"Халықаралық институттардың пікірінше, мемлекеттік қарызымыз көп емес, оны ретке келтіруге болады, рейтинг агенттіктерінің бағалауы да мұны дәлелдейді", - деді ол.

Шенеуніктің айтуынша, мемлекеттік қарыз мәселесі Үкімет деңгейінде қаралып жатыр және биыл бірінші тоқсанда ол экономикалық саясат жөніндегі кеңестің талқылауына ұсынылған.

"Мемлекеттік қарызды азайту үшін бюджет тапшылығын азайтып, салық базасын ұлғайту қажет, бұл жасалып жатыр. Жаңа Салық кодексін ескере отырып, бұл мәселелерді түзетуге болады", - деп толықтырды министр.

Dalanews.kz анықтамасы: Мемлекеттік қарыз – мемлекет шығындарын жабу үшін басқа елдерден, халықаралық ұйымдардан, банктерден немесе өз азаматтарынан (облигация сату арқылы) қарызға алатын қаражаты. Жай сөзбен айтқанда, мемлекетте ақша жетпей жатқанда, ол жол салу, мектеп тұрғызу, жалақы мен зейнетақы төлеу сияқты істерге ақша алады. Бұл қарыз уақытында және пайызымен қайтарылуға тиіс. Қарыз көлемі елдің экономикасына тікелей әсер етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар