Үкімет Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға 16,2 млрд теңгеден аса қаржы бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды. Жобаларды жүзеге асыру қарқынды тұрғын үй құрылысы мен қала халқы саны өсуіне байланысты кәріз, жылу, электрмен жабдықтау жүйелерінің сенімді әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы қаржыландыру көлемі 16,2 млрд теңгеден асады. Оның 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталады.
Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту құрылыстарынан бастап Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар, Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын су ағызатын коллектор салынады. Көзделген жұмыстарды жүзеге асыру 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ, тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Астананы одан әрі дамытуға қажет инфрақұрылым қалыптастырады.
7,5 млрд теңге елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бұл қаражатқа қолданыстағы электр желілеріне қосылатын 110/20 кВт-тық "Қарлығаш" жабық қосалқы стансасы салынып, "Астана-Энергия" АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.
Жаңа энергонысан іске қосылғаннан кейін "Есіл" және "Бәйтерек" қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, "Нұрлы жол" вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі.