ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі белгілі болды

Ақтоты Жапатова 10 сәу. 2025 12:35 746

2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 12 сәуірде басталып, 25 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Өтініш беру кезеңі екі кезеңге бөлінеді:

  • 12-18 сәуір аралығында бір рет өтініш беруге;
  • 19-25 сәуір аралығында бір немесе екі рет өтініш беруге болады.

Ал тестілеу 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады.

Өтінішті қайда тапсыру керек?

ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш беруге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

Талапкерлердің негізгі ҰБТ-ға дайындығын жақсарту мақсатында енгізілген әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау бар. Яғни әр ҰБТ-дан кейін (қаңтар, наурыз) түлектерге жеке тақырыптық талдау бойынша білімдерін арттыру ұсынылады. Сонымен қатар бірінші мүмкіндікті тапсырғаннан кейін олар екінші мүмкіндікке дейін дайындықтарын жақсарта алады. Одан бөлек онлайн байқау сынақтары іске қосылған. Оқу жылының басында ҰТО сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.

ҰБТ-да қанша тапсырма беріледі?

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

ҰБТ қанша уақытқа созылады?

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әр адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі.

Апелляцияны тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Оқуға түсу үшін шекті балл қандай?

Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» үшін кемінде 70 балл жинау қажет; ұлттық ЖОО-на түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-на түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Еске салайық, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар