Тимур Тұрловтың компаниясы спутниктік байланыс операторы - Astel-ді сатып алды

Кәмшат Тілеухан 20 мам. 2025 10:18

Кәсіпкер Тимур Тұрловқа тиесілі Freedom Telecom Holding Ltd "Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген Astel Group Ltd жекеменшік компаниясының 100% акциясын сатып алды, деп хабарлайды Dalanews.kz компания баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жаңа актив 11,46 млрд теңгеге сатып алынды. Мәміле 2025 жылдың 30 сәуірінде жасалды. Бұл - телекоммуникация секторында үлесін арттыру жөніндегі холдинг бағдарламасын кезекті кезеңін іске асыру болып табылады. Компания спутниктік байланыс, жүйелік интеграция және цифрлық шешімдерде құзыреттілікке ие. Мәміле төмен орбиталық платформалар сияқты инновациялық бағыттарды дамытуды қоса алғанда, технологиялық мүмкіндіктерді барынша кеңейтуге бағытталған", - деп атап өтті компаниядағылар.

Ал Astel Group Ltd 2023 жылдың қыркүйегінде АХҚО-да холдингтік компания ретінде тіркелген, оған 1993 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін спутниктік байланыс операторы — "Astel" АҚ тиесілі. "Astel" АҚ-ның негізін бизнесмен және инвестор Мұрат Әбдірахманов қалаған. Сатылым кезінде оның және Нина Тұңғышбаеваның еншісінде Astel компаниясының 48,5% (әрқайсысы өз үлестері үшін 5,56 млрд теңгеден алды) және Владимир Бреусовқа 3% (343,8 млн теңге) акция пакеті тиесілі еді.

"Сатып алушы ASTEL брендін өзгертпейді, бірақ екі компанияның инфрақұрылымы мен желілері, яғни АSTEL мен Freedom Telecom — "тиімділікті арттыру үшін синергияда жұмыс істейді". Astel-дің ұйымдастырушылық моделі де, әзірше өзгермейді. Ал болашақта "жаңа технологияларды дамытуға және бизнес-процестерді интеграциялауға баса назар аудара отырып, кезең-кезеңмен трансформациялау процесін жүзеге асыру" жоспарланған", делінген компания хабарламасында.

Astel-дің 19 филиалы бар, соның ішінде Қазақстанның барлық облыс орталықтарында. Компанияның клиенттік базасы шамамен 4 мың абоненттік терминалды қамтиды.  

Freedom Telecom - жаңа оптикалық желіні нөлден бастап өрістеткен оператор. Екі жыл ішінде компания 5 мың шақырымнан астам оптикалық желіні тартты. Сонымен қатар компания әуежайларда, сауда орталықтарында, ауруханаларда, мектептерде әлеуметтік нысандарда, саябақтарда және қалалардың серуендеу аймақтарында тартылған Open Wi-Fi-дың ұлттық операторы болып табылады. Осындай сипаттағы интернетке деген қолжетімділік Қазақстан бойынша 150 орында қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ол үйдегі интернет пен FWA технологиясының бөлшек сегментін дамытумен айналысады. Оның ірі халықаралық жобалары арасында "Батыс – Шығыс" талшықты-оптикалық гипермагистралінің құрылысы және халықаралық трафиктің транзиті мен сақтауына арналған TIER-3 деңгейінен төмен емес дата-орталықтар да бар. 

Айта кетсек, бұған дейін Freedom Telecom осы саладан бірнеше актив сатып алған болатын. Атап айтсақ, 2024 жылы қаңтарда шымкенттік DITel-ді (1,1 млн доллар), 2024 жылы қыркүйекте SilkNetCom телекоммуникациялық жүйе провайдерін (23,88 млн доллар), 2024 жылы қазанда елордада в2с және в2в сегменттерінде телекоммуникациялық қызметтер ұсынушы "Элитком" ЖШС-ны (EliteCom – 3 млн доллар).

Бұған дейін сайтымызда "Қазақстандағы ең бай адам – Тұрлов Трамптан да ауқатты болып шықты" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ бізден "Jusan Bank-тің Қазақтелекомдағы өз үлесін қанша млрд теңгеге және кімге сатқаны белгілі болды" деген мақаланы да оқи отырыңыздар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар