Кәсіпкер әрі қаржыгер Тимур Турлов Ресеймен ат құйрығын кесісуге асығар емес. Мұндай мәлімдемені саясаттанушы Талғат Қалиев жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қалиев Facebook желісіне жариялаған жазбасында Қазақстан шахмат федерациясының кадрлық саясатына назар аударды.
“Қазақстан азаматтығын алған федерация президенті Тимур Турлов өзінің тарихи отанымен байланысын үзуге асықпайды. Федерацияның жай-күйі туралы ақпарат бөліскен дереккөздер мәліметінше, барлық кадрлық мәселені бір адам басқарады. Мәселен, Алина Дворецкая президенттің аға кеңесшісі болып тағайындалған. Осы жерде бір түсініксіз жағдай туындайды. Ол да - Ресей азаматы. Алайда федерация штатында ресми тіркелмеген”, - деп жазды саясаттанушы.
Тағы бір мысал ретінде федерацияның баспасөз қызметінің қызметкері әрі қашықтан жұмыс істейтін Ресей Федерациясының азаматы Дарья Буркованы да келтірді. Оның сөзінше, аутсорсингке берілген бос орындарды шетелдік азаматтар толтыруда.
“Осы деректерге сүйенсек, шахмат федерациясының президенті Қазақстанда жұмысқа тыңғылықты қарайтын кадрлар тапшы деп болжайды-мыс, соған байланысты Ресей Федерациясының азаматтарын тартуды жөн санаса керек. Бұл жағдайды негізге алсақ, шенеунік федерацияны басқаруға лайық па, әлде оның орнына ұлтжанды азаматты іздестірген дұрыс па?
Туризм және спорт министрлігінің логотипін медальдарға орналастыру арқылы жеке компанияның PR-ы үшін федерация ресурстарын пайдаланып қана қоймай, ұйымның штатын шетелдік кадрлармен толтыратын ұлттық шахмат федерациясының қызметін тексеретін уақыт келген жоқ па?”, - деп атап өтті Қалиев.
Оның айтуынша, Freedom Finance пен Шахмат федерациясында “ресейліктердің басқаруына наразы қызметкерлер жеткілікті”.