Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов «Астана» футбол клубын сатып алу туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dala News.
Оның айтуынша, мұндай мүмкіндікті компания шындап қарастырмаған.
«Жоқ, біз бұл мүмкіндікті қарастырған жоқпыз. Біз академияны Қарағандыда салу туралы шешімді ол кезде футбол клубтарын жекешелендіру тақырыбы талқыланбай тұрған кезде қабылдағанбыз. Сондықтан бізде балама нұсқалар болған жоқ», – деді ол.
Турловтың сөзінше, клубты сатып алу идеясы бастапқы жоспарларда болмаған.
«Мен бұл кейінірек, академия толық іске қосылған соң болуы мүмкін деп ойлаған едім. Бірақ бұл мәселе ертерек көтерілді. Дегенмен біз ешқашан астаналық клубты сатып алуды нақты қарастырған жоқпыз», – деді ол.
