Бірінші мәселе аясында сөз бастаған облыстық Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқарма басшысының орынбасары Ілияс Оспанов басқарма тарапынан бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру жұмыстары атқарылып жатқанын баяндады.
Облыстық статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, облыста ағымдағы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 6 түрлі азық-түлік тауары – қырыққабат, картоп, пияз, қой еті, тұздалмаған сары май және мәйекті қатты ірімшіктің құны қымбаттағаны байқалған.
Басшы орынбасары мұның себебін бірқатар азық-түлік тауарларының көршілес Қызғызстан мен Өзбекстан, Ресей, Беларуссия елдерінен және еліміздің өзге де облыстарынан тасымалданып жатқанынан деп атады.
Осынау олқылықты түзеу үшін облыс әкімі егін егіп, мал бордақылауға арналған жер телімі бола тұра, аталған жұмыстармен айналыспай жүрген өңіріміздегі бос жатқан жерлердің картасын әзірлеуді жүктеді. Соның аясында қажетті шара қабылдап, бағаны тұрақтандыруға болатынын жеткізген әкім тұрақтандыру қорын жергілікті азық-түлік тауарларымен толықтырып, аймақты қажетті өніммен толықтай қамтамасыз ету жайын ойластыру керектігін айтты.
Жиындағы екінші мәселе жайында сөз алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев Үкімет отырысында қаралатын мәселелердің бірі – денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асыру жайын мәлімдеді. Келтірілген мәліметке сәйкес, аталған бағдарлама негізінде 2016 жылға бөлінген қаражат толықтай игеріліп, бірқатар салалардағы көрсеткіш жақсарған.
Атап айтқанда, облысымыздағы қан айланым жүйесі ауруларынан өлім-жітім көрсеткіші 8,9 пайызға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткіші 7,4 пайызға, жарақаттардан, жазатайым оқиғалардан өлім-жітім көрсеткіші 8,7 пайызға және нәресте өлім-жітім көрсеткіші 19,4 пайызға төмендеген.
Мұнан бөлек, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы біріктірілген медициналық көмек қағидатының негізінде басымдықты бағыттар бойынша Жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Осы сынды мәліметтерге қаныққан Жансейіт Қансейтұлы әрбір салаға жіті назар аударып, жоспарды одан әрі пысықтап, кешенді жұмыс істеу қажеттігін ескертті.