Бүгін Мәжілістің қоғамдық палатасының отырысы өтті. Осы тұста саясаткер Әміржан Қосанов та жемқорлық мәселелеріне байланысты ойын бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саясаткер 30 жыл бойы орнығып келе жатқан жемқорлықтан бір мезетте құтылу мүмкін емес екенін жеткізді. Десе де арнайы заңнамамен күрсесуге болатыны алға тартты.
“Заң жобасын қарап шықтым, көптеген бапты қолдаймын. Алайда бүгін үш мәселені атағым келеді. Бірінші - декларация. Декларация тапсыру неліктен созылып кетті? Президенттен бастап ауыл әкіміне, мүлкіне, қаражатына қатысты декларациясы бүгін ашуымыз керек. Әйтпесе Ескі Қазақстанның өкілдері соның бәрін қайта рәсімдеп жатқан сияқты” - деді ол.
Ал екінші мәселе ретінде ол мүдделер қақтығысын атап өтті. Осы тұста саясаткер антикорды жазалаушы арнайы органның жоқ екенін де тілге тиек етті.
“Антикорды жазалаушы орган емес дейді. Бір қоғамда бір түсінбеушілік бар. Бүкіл айыптау антикордың аузынан шығады. Антикордың өзіне қандай бақылау бар? Онда қандай азаматтар істеп жатыр? Антикордың өз ішінде саяси жемқорлық болмас үшін қандай механизмдерді қолданып жатырсыздар. Қоғам оған да қарап отыр” – дейді ол.
Ол Ескі және Жаңа Қазақстанның арасында әлі де үлкен тайталас жүріп жатқанын қайталап айтты. Соған байланысты саясаткер антикорға байланысты мысалымен бөлісіп өтті.
“Антикордан келген азамат бухгалтердің көлігінен 1 млрд теңге табылды деп жатыр. Бүл Назарбаевтың заманында да болды. Тоқаевтың заманында да қайталанып жатыр. Шабақтарды ұстайды, ал түйені түгімен жұтқан акулалар әлі жүр. Бірінші бастық алмаса, төмендегісі алмайды. 1 млрд теңгені жеген бухгалтер дегенге ешкім сенбейді”, – дейді Қосанов.