Freedom Inside '26

Түтінге тұншыққан Тараз: қала маңында қоқыс полигоны өртенген

Түтінге тұншыққан Тараз: қала маңында қоқыс полигоны өртенген
"Астана" телеарнасы

Таразды тағы да түтін басты. Бұл жолы тұрғындар өндіріс орындарынан шыққан иіске емес, қоқыс полигонындағы өрттен тараған түтінге шағымданып отыр. Жаз мезгілі басталып, күн қыза салысымен қала маңындағы қоқыс алаңы жиі өртеніп, жұрт қолқаны қабатын иістен мезі болған, деп хабарлайды dalanews.kz astanatv-ға сілтеп.

Қала аспанын қара түтін жапқанда тұрғындар өрт қоқыс полигонынан шыққанын бірден аңғарған. Олардың айтуынша, қою түтін мен жағымсыз иіс тыныс алуды қиындатқан.

Жалын аз уақыт ішінде 2 гектардан аса аумақты шарпыған. Тараздың тұрмыстық қалдықтар полигоны қаладан шамамен 5 шақырым жерде орналасқан.

Тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Қала маңындағы қоқыс алаңының аумағы 30 гектарды алып жатыр. Онда 3 миллион тоннадан аса қалдық жиналған. Полигон қоршалғанымен, қоқыс көлемі жыл сайын артып келеді.

Қала әкімінің орынбасары Дамир Жаманбаев "өрт қасақана қойылғаны" туралы ақпарат расталмағанын айтты. Оның пікірінше, өрттің шығуына ауа райы мен полигон аумағындағы шыны секілді заттар себеп болуы мүмкін.

Ал экологтар мұндай өрттер адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретінін ескертті. Мамандардың айтуынша, қоқыс жанған кезде ауаға зиян және канцероген заттар бөлінеді. Желдің бағытына қарай олар қала аумағына таралуы ықтимал.

Бұл полигон қала әкімдігіне қарасты "Жасыл-Ел Тараз" серіктестігінің теңгерімінде. Экология департаменті санитариялық-қорғау аймағында ауа сапасына жедел тексеріс жүргізіп, көміртек тотығы, азот пен күкірт диоксидінің мөлшері рұқсат етілген деңгейден жоғары екенін анықтаған.

Осыған байланысты Экология департаменті мекемеге жоспардан тыс тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.