Туризм – табысты бизнес пе? Қазақстанда туризмнің инвестициялық әлеуеті, тиімділігі және ықпалы

Ақтоты Жапатова 24 жел. 2025 18:41

Соңғы жылдары Қазақстанда туризм саласында инвестициялық белсенділіктің өсуі экономиканың маңызды құбылыстарының біріне айналды. Бұрын туризм қосалқы бағыт ретінде қабылданса, бүгінде ол шикізат емес сектордағы ең серпінді дамып келе жатқан сала, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы туризмге салынған инвестиция көлемі рекордтық көрсеткіш - шамамен 950 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың алғашқы 10 айында бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге жуықтап, өткен жылғы деңгейден асып түсті. Бұған дейін инвесторларға мұқтаж болған сала үшін бұл – сапалық тұрғыдан үлкен серпіліс. Мұндай өсім тек ішкі сұраныстың артуымен немесе инфрақұрылымның дамуымен ғана байланысты емес. Қазақстанда қазір инвесторлардың жұмысы барынша жеңілдетілген: реттеу тетіктері ашық жүргізіледі, жаңа іс бастаймын дегендерге жылдам рұқсат беріледі,  ал мемлекеттік институттар жеке бастамаларды белсенді түрде қолдап отыр. Мұның бәрі тәуекелдерді азайтып, ірі жобаларға ерекше жағдай  жасайды, мүмкіндік береді.

Инвестор тартудың негізгі тетіктері

Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Инвестиция тартудағы басты факторлардың бірі – инфрақұрылымды дамыту. Мемлекет жолдарды, инженерлік желілерді және базалық коммуникацияларды өз мойнына алған жағдайда, инвестор қонақүйлер, саябақтар, курорттар мен сервистік нысандар сияқты өнімді дамытуға көңіл бөле алады.

Қосымша ынталандыру ретінде салықтық жеңілдіктер, жабдықтарды жеңілдетілген тәртіппен импорттау және жер телімдерін тиімді шарттармен ұсыну қарастырылған. Қазірдің өзінде KazakhInvest кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, жобаларды іске асыру мерзімін қысқартты. Сонымен қатар Қазақстан туристік аймақтарын халықаралық деңгейде белсенді дамытып, ірі операторлар мен инвестициялық қорларды тартуға күш салып отыр. Мұндай құралдар ондаған жыл бойы жұмыс істей алатын ауқымды кластерлік жобаларды ынталандырады.

Әлемдік тәжірибе және Қазақстандағы жағдай

Фото: freepik

Туризмге деген қызығушылықтың артуы – жаһандық тренд. Көптеген елде бұл сала экономиканың негізгі драйверіне айналған. Дұрыс жобаланған курорттар тұрақты табыс әкеліп, жұмыс орнын арттырып, сабақтас салалардың дамуына жол ашады.  Оған Өзбекстандағы «Амирсой» курорты айқын мысал бола алады. Бастапқыда тау шаңғысы кешені ретінде жоспарланған бұл нысан қысқа уақыт ішінде жыл бойы жұмыс істейтін туристік кластерге айналды. Мемлекет инфрақұрылымды қамтамасыз етсе, жеке инвесторлар қонақүйлерге және сервистік қызметтерге қаржы салды. Бұл жобада PGI Management халықаралық компаниясының, әсіресе Томас Тор Йенсеннің тәжірибесі маңызды рөл атқарды. Нәтижесінде «Амирсой» айналасында шағын бизнес пен жаңа қызмет түрлерін қамтитын толыққанды экономикалық экожүйе қалыптасты.

Қазақстан үшін бұл тәжірибе – мықты тұжырымдама, сапалы инфрақұрылым және мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігі тұтас бір өңірді өзгерте алатынының дәлелі.  Қазақстан үкіметі осы модель бойынша Щучинск-Бурабай, Маңғыстау және Алматы тау кластеріне көңіл бөліп отыр. Бұл аймақтарда көлік, сервис және жыл бойғы демалысты біріктіретін кешенді бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

«Қазақстанда тау демалыс аймақтарын дамыту үшін бірегей табиғи әлеует бар. Мұндай артықшылық басқа елде жоқ», – деді PGI Management халықаралық компаниясының директоры Томас Тор Йенсен.

Маңызды факторлардың бірі – төрт маусымдық туризм. Көптеген елде туристік маусым бірнеше аймен шектелсе, ал Қазақстанның таулы аймақтары жыл бойы турист қабылдай алады. Бұл тау туризмін  жұмыс орны  және өңірлік инфрақұрылымды дамытатын саланың локомотивіне айналдырады.

«Қазақстан экономикасын ілгерілетуге үлкен мүмкіндік бар. Әсіресе тау аймақтары – төрт маусымда турист қабылдай алады», – дейді сарапшы.

Туризм –  жұмыс көзі

Туризм – әлемдегі ең ірі жұмыс беруші салалардың бірі. Алматы тау кластерін дамыту Қазақстанда да осындай модель қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сарапшылардың алдын ала бағалауынша, жоба аясында 5 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылады. Ең бастысы, тек қонақүй, шаңғы мектептерімен шектелмейді. Жүйеге инженер, гид, ресторатор, прокат мамандары мен техникалық қызметкерлер де кіреді. Салыстыру үшін: бүгінде Алматыдағы ең ірі екі жұмыс беруші – маргарин зауыты (2 500 қызметкер) және «Алматы су» коммуналдық кәсіпорны (3 500 қызметкер) шамасында жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.

Турист саны көбейген сайын жұмыс орны да артады. Саясаттанушы Марат Шибұтовтың айтуынша: «Қазір 1,5 млн турист келеді, енді кемінде екі-үш есе арттырсақ, ондаған миллиард теңге айналымға түседі. Нәтижесінде автоматты түрде мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады».

Жазғы туризм бағыттарының – трекинг, веломаршрут, экотур дамыса, азаматтарға жыл бойы жұмыс табылады. Бұл өз кезегінде жергілікті өнімге, логистика мен қызмет көрсету саласына сұранысты арттырып, ауылдық жерлерде отбасылық бизнестің дамуына жол ашады.

Инвестициялық динамика: сандарға сүйенсек

Фото: freepik

2019–2024 жылдар аралығында туризмнің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі шамамен 500 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге жуықтады. Осы кезеңде ел бойынша жалпы құны 550 млрд теңгеге жуық 600-ден астам жоба іске асырылды. Тек 2024 жылдың өзінде 87 жаңа туристік нысан пайдалануға берілді. Бұл – саланың жаңарып, инвесторлар сенімінің артқанын көрсететін маңызды көрсеткіштер.

Қазақстан үшін бұл үрдістің маңызы зор. Ішкі сұраныстың өсуі мен мемлекеттік қолдау аясында туристік жобалар өнеркәсіптік бастамаларға қарағанда инвестицияның жылдам қайтарымын және жоғары тиімділікті көрсетіп отыр. Алдымен құрылыс іске қосылады, кейін объектілер ондаған жыл бойы табыс әкеліп, шағын бизнес және өңірлік экономиканы дамытады.

Экономикадағы рөлі

Туризмнің экономикалық маңызын тек өңірлер ғана емес, бүкіл ел сезетін болады.

«Туризм – әлемдегі ең ірі әрі ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Көптеген елде ол ЖІӨ-нің 8-10 пайызын құрайды, ал Түркияда бұл көрсеткіш 10-12 пайызға жетеді. Қазақстанда туризмнің үлесі әзірге 3-4 пайыз шамасында. Демек, өсу әлеуеті өте жоғары. Сонымен қатар туристер шетел валютасының келуін қамтамасыз етіп, елдің төлем балансына оң әсер етеді», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Бұл Қазақстанның туризм саласында үлкен әлеуеті бар деген сөз. Қазіргі көрсеткіштер әлемдік деңгейден төмен болғанымен, саланың болашағы мен экономикалық қайтарымы өте жоғары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар