Жазушы, әдебиеттанушы ғалым Тұрсын Жұртбай қоғам қайраткері әрі ақын Олжас Сүлейменов туралы әсерлі естелік жазып, 90-жылдардағы қазақ тіліне қатысты күрделі кезеңді еске алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Автор өз жазбасында сол тұстағы ұлттық тіл тағдыры, зиялы қауым арасындағы пікір қайшылығы және мемлекеттік тіл үшін жүрген күрес туралы кеңінен баяндаған. Оның айтуынша, сол кезеңде Шерхан Мұртаза мен Мұхтар Шаханов қазақ тілі мәселесінде жанайқайын ашық жеткізген.
Тұрсын Жұртбай естелігінде Жоғарғы Кеңесте қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі қаралған сәтті ерекше атап өтеді. Сол кезде Олжас Сүлейменов халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, орыс тілінің белгілі бір кезеңде мемлекетаралық тіл ретіндегі мәртебесін сақтап қалу жөнінде пікір білдірген.
«Шерхандар бүгін зорлап бекіткенмен, ертең оның күшін өзі дауыс беріп қайта жояды. Әсіресе шет елмен байланыста орыс тілінсіз қазір аттап басу мүмкін емес. Сондықтан да, қашан қазақ тілі халықаралық байланыс құралына айналғанша, белгілі бір кезеңге дейін мемлекетаралық тіл ретіндегі статусы сақталуы керек».
Жазушы бұл пікір қоғамда үлкен талқылау туғызғанын айтады. Оның сөзінше, зиялы қауымның бір бөлігі Олжас Сүлейменовтің ұстанымын қолдамаған. Тұрсын Жұртбайдың өзі де ақынмен арнайы кездесіп, бұл пікіріне қарсылық білдіргенін жасырмай жазады.
Алайда Олжас Сүлейменов өз ойын халықаралық тәжірибемен түсіндірген.
– 1948 жылы Израиль мемлекеті құрылғанда, иврит тілін білетін саясаткер аз болған. Бірақ Кнессет арнайы мерзім белгілеп, халық қысқа уақыт ішінде мемлекеттік тілге толық көшті. Біз де нақты уақыт белгілеуіміз керек еді, – деген екен Олжас Сүлейменов.
Тұрсын Жұртбай бұл пікірді алғашында қабылдай алмағанын ашық жазады. Ол тіпті ақынның өзіне барып, неге мұндай ұстаным айтып отырғанын сұрағанын еске алған.
– Сіздің бұл пікіріңізді түсінбедім. Желтоқсан, Алаш қайраткерлерін ақтау, «Невада-Семей» қозғалысы жай ғана ұран болып қалғаны ма? Сіз отаншылсыз ғой, – деп қарсы пікір білдіргенін жазады автор.
Алайда Олжас Сүлейменов оған сабырмен жауап беріп, тіл мәселесінің саясатқа айналып кеткенін, мұндай жағдайда шешімнің ұзаққа созылатынын айтқан.
– Мен мұны тілімнің мәңгілік тұрақты болуы үшін айтып отырмын. Саясаттың бұлтағына түскен мәселе тез шешілмейді, – деген екен ақын.
Тұрсын Жұртбай кейін Шерхан Мұртаза кабинетіне барып, оның пікірін қолдайтынын жеткізгенін де баяндайды. Сонда Шерхан Мұртаза:
– Балтаның жүзін бүгін қайырып тастай алмасақ, ертең мойнымызды шауып түседі. Мен тілдің жолында жан пидамын, – деп жауап берген.
Автордың айтуынша, уақыт өте келе Олжас Сүлейменовтің айтқаны шындыққа айналған. Араға жыл салып, сол заңды қабылдаған парламент таратылып, кейін орыс тіліне ерекше мәртебе берілген.
Естелік соңында Тұрсын Жұртбай қазақ тілінің тағдыры әлі де толық шешілмегеніне қынжылыс білдіреді.
– Қазақ тілі саясаттың салындысына ілесіп, әлі қалтақтап қалқып келеді, – деп түйіндейді ол.