Америкада тұратын қазақ қызы Ерке Жұматай Bank of America банкіндегі жағдайды мысалға келтіріп, АҚШ банктерінің алаяқтықпен қалай күресетінін баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, жақында банк картасынан Нью-Йорктегі белгісіз медициналық орталық 94 доллар 53 цент шешіп алғаны туралы хабарлама келген. Алайда ол бұл төлемді жасамағанын айтты.
«Төлем жасаған кезде Нью-Йоркте болған жоқпын», – деп жазды ол.
Ерке Жұматай жағдайдан кейін бірден банктің клиенттерді қолдау қызметіне хабарласқанын айтты.
«Жағдайды түсіндірдім. 30 минут сөйлестік», – дейді ол.
Оның сөзінше, банк күмәнді операция анықталғаннан кейін картаны бірден бұғаттаған. Сонымен қатар, онлайн төлемдер тоқтап қалмас үшін уақытша виртуалды карта нөмірі берілген.
Еркенің айтуынша, банк ақша алған медициналық орталықты да қосымша тексеруге алып, болашақта оның картасынан қайта ақша шеше алмайтындай етіп бұғаттаған. Сондай-ақ жаңа карта клиенттің нақты мекенжайына тегін жіберілген.
«Жаңа карта 2 жұмыс күнінің ішінде келді. Бізде кейде картаны қайта шығару үшін ақша алынады ғой», – деп жазды ол.
Ең маңыздысы, Ерке Жұматайдың айтуынша, банк күмәнді деп танылған 94 доллар 53 центті өз қаражатынан уақытша клиенттің шотына қайтарып берген. Алайда банк өкілдері істің әлі толық тексерілетінін ескерткен.
«Егер бұл расымен алаяқтық болса ақша толықтай сізде қалады. Егер төлемді өзіңіз жасағаныңыз дәлелденсе сома кейін қайтарылады», – деген банк қызметкерлері.
Оның айтуынша, тексеру процесі үш аптадан 90 күнге дейін созылуы мүмкін. Қоңырау барысында банк қызметкерлері бірнеше сұрақ қойған. Атап айтқанда, бұған дейін осындай жағдай болған-болмағанын, картаны басқа біреу қолдануы мүмкін бе деген мәселелер нақтылаған. Сондай-ақ соңғы операциялар туралы сұраған.
Ерке Жұматай бұл мұндай алғашқы жағдай екенін айтқан. Ол өзін таңғалдырған басты нәрсе банктің жылдам әрекеті болғанын атап өтті.
«Бір ғана қоңырау. Шамамен 30 минуттың ішінде картаны бұғаттады, жаңасын шығарды, уақытша төлем құралын берді, ақшаны қайтарды, тексеру процесін бастады. Шынымен, клиент қауіпсіздігіне өте жылдам қарайды екен», – деп жазды ол.