"Әділ жаза күтеміз": Атыраудағы қанды іске қатысты марқұмның әпкесі сұмдық деректер айтты

"Әділ жаза күтеміз": Атыраудағы қанды іске қатысты марқұмның әпкесі сұмдық деректер айтты
ашық дереккөзден

Атырауда Мұқанғалиевтер отбасының өліміне қатысты сот процесі қоғам назарын аударып отыр. Қаза тапқандардың туысы Әдемі Мұқанғалиева бауырының отбасы жоғалғаннан кейін полицияға өзі жүгінгенін айтып, істің мән-жайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның сөзінше, 25 желтоқсан күні ол полицияға барып, ағасының отбасы жоғалып кеткенін хабарлаған. Әдемі бауырын соңғы рет қыркүйек айында көргенін, кейін онымен жиі телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын айтты. Алайда кейін белгілі болғандай, қараша айынан бастап ағасының телефонынан Сұлтан жазып отырған болуы мүмкін.

"Бауырымды соңғы рет қыркүйекте көрдім, телефон арқылы жиі хабарласып тұратынбыз. Ал қарашадан бастап ағамның телефонынан Сұлтан жазған екен. Сұлтан мен Ақбаянды жақсы танимын. 2023 жылы Ақбаян әкемнің туған күніне келді, Сұлтан болған жоқ. Кейін олар ажырасып кетті. Бұған не себеп болғанын білмеймін", – деді Әдемі Мұқанғалиева.

Марқұмның туысының айтуынша, ағасы мен оның жұбайы Сұлтан мен Ақбаянға үнемі көмектесіп келген. Ол бауырының отбасын қарапайым, еңбекқор жандар ретінде сипаттады.

"Бауырымның отбасы қарапайым еді. Өз еңбектерімен күн көрді, бәрін өздері тапты. Зейнетақымен және мал шаруашылығымен өмір сүрді. Барынша бәріне көмектесетін. Наурыз өте мейірімді, еңбекқор адам еді. Мейрамгүл үшінші топтағы мүгедек болатын, үйде отыратын, үнемі анасының қасында жүретін", – деді ол.

Әдемі Мұқанғалиеваның айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін айыпталушының туыстары марқұмдардың отбасына келіп, көңіл айтпаған және кешірім сұрамаған.

"Қайғылы жағдайдан кейін бізге ешкім келген жоқ, кешірім де сұрамады. Сұлтанның отбасымен аса араласпайтынбыз, олар тұйық адамдар еді", – деді марқұмның әпкесі.

Ол Ақбаянның қазіргі уақытта психиатриялық ауруханада жатқанын айтты. Туыстары онымен кездесуге рұқсат ала алмай жүрген көрінеді.

"Ақбаян қазір психиатриялық ауруханада. Бізге онымен кездесуге рұқсат бермей отыр. Жақында медициналық мекеменің директорының атына кездесуге рұқсат сұрап арыз жаздым. Қазір жауап күтіп отырмын", – деді Әдемі Мұқанғалиева.

Сондай-ақ ол Ақбаянның бес баласының қазіргі жағдайына да тоқталды. Оның сөзінше, балалардың бірі балалар үйінде, қалғандары бейімдеу орталығында жүр.

Марқұмның әпкесі соттан әділдік күтетінін айтты. Ол айыпталушыға ең қатаң жаза тағайындалуы керек деп есептейді.

"Соттан әділдік күтемін. Оны өмір бойына бас бостандығынан айырса деймін. Бұл әділ жаза болады", – деді Әдемі Мұқанғалиева.