Танымал режиссер Ермек Тұрсынов мамыр айына жоспарланған екі бірдей кездесуінің белгісіз себеппен өтпейтінін хабарлады. Бұл туралы режиссер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы театрында 22 мамыр күні режиссердің танымал әзілкеш Нұрлан Сабуровпен бірге «Диалог» атты іс-шарасы, ал 31 мамыр күні композитор Еркеш Шәкеевпен бірлескен концерті өтуге тиіс болған. Соңғысы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған еді.
Ермек Тұрсынов екі іс-шараның да театр басшылығы тарапынан біржақты тоқтатылғанын атап өтті.
«22 мамырдағы «Диалог» кездесуі неге тоқтатылғаны туралы театр еш түсініктеме бермеді. Ал 31 мамырда жоспарланған концертті өткізбеудің себебін техникалық жағдайлармен түсіндіріп, ресми хат жолдапты. Бұл жағдайға қатысты өз ойымды кейін айтамын. Қазірше көрерменімнен болған жайт үшін кешірім сұраймын», – деді Тұрсынов.
Композитор Еркеш Шәкеев те бұған дейін 31 мамырдағы концерті өткізілмейтінін мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, билет сататын «FreedomTicketon» сайты еш ескертпестен сатылымды тоқтатқан. Сондай-ақ, «Almaty Theatre» алдын ала төлем жасалып, келісімшартқа қол қойылғанына қарамастан, концертті өткізуге ауызша түрде тыйым салған.
Шәкеев атап өткен тағы бір жайт – Алматы қаласы Мәдениет басқармасынан күтпеген жерден ұйымдастырушыларға шағым түскені. Басқарма шара туралы өздеріне хабарлама берілмегенін айтып, наразылық танытқан.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылы арнайы белгіленген болатын. Ресми деректер бойынша ХХ ғасырдың 20–50 жылдар аралығында елімізде 100 мыңнан аса адам репрессияға ұшырап, олардың 25 мыңға жуығы атылған. Ашаршылық жылдарында 1,5 миллионнан аса қазақ қаза тапқан.
Осы кезеңде Алаш қозғалысының көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Нығмет Нұрмақов, Темірбек Жүргенов секілді көптеген танымал тұлға репрессия құрбаны болды.