Бүгінде пластик құтылар шіру үшін 500 жыл керек, ал шыны материалдарының «ғұмыры» мың жылдан асады. Топыраққа оңайлықпен сіңе қоймайтын материалдарды теріп алып, қайта өңдеу әлемдік тәжірибеде кең көлемде қолданылып келеді.
Екіншіден, қатты қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс полигонына түсетін салмақты азайтуға болады. Яғни, қоқыстың бір бөлігі қайта өңдеуге кеткендіктен, қалдықтарды көму процесі жеңілдейді. Полигонды пайдалану мерзімі ұзарады.
Қалдықтарды теру, оларды сұрыптау қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бюджетке түсетін қосымша салығы тағы бар. Яғни қоқыс өңдеу зауытының экономика үшін тиімді екендігі айтпаса да белгілі.
Бүгінде полиэтилен өнімдерінен жіп иіріліп, кілем фабрикаларында жиі пайдаланылады. Тұрмыста қолданылатын химиялық заттардың құтылары жасалады.
Өкінішке қарай, бізде ол жағы әзірге кенжелеп тұр. Сондықтан сұрыпталған қатты қалдықтар қазір көршілес Өзбекстанға жөнелтіледі. Ең бастысы, елімізде қоқыс өңдеу Астанада жақсы дамып келеді. Елорда тамақ қалдықтарын да өңдеуге көшті. Қоқыс полигонындағы қалдықтың 80 пайызын кәдеге жаратады.
Осы тәжірибе Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында енгізіліп жатыр. Өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың Түркістан қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу туралы бастамасы жаңа облыс орталығы үшін өте маңызды. Оған мемлекет қолдау көрсетуде. Тұрмыстық қалдықтарды теріп, өңдегені үшін субсидия төленеді. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. Демек, үкімет Түркістанды түлетуде Астананың тәжірибесін қолдану қажет екенін білдірді.