Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін атап өтуде. Мемлекет басшысы 1953 жылғы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев – еліміздің дипломатия саласында үлкен тәжірибе жинаған, халықаралық деңгейде танылған саясаткерлерінің бірі. Әр жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Премьер-министрі, Сенат төрағасы қызметтерін атқарып, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымында жауапты лауазымдарда еңбек етті.
2019 жылдан бері Қазақстан Президенті ретінде елдің саяси-экономикалық даму бағытын айқындап келеді. Оның бастамасымен ауқымды саяси реформалар жүзеге асып, Конституцияға өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар “Әділетті Қазақстан” тұжырымдамасы қоғамдағы жаңғыру үдерістерінің негізгі бағытына айналды.
Сарапшылар Тоқаевтың басқару кезеңінде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және халықаралық байланыстарды нығайтуға басымдық берілгенін атап өтеді.
Мемлекет басшысының туған күніне орай әлеуметтік желілерде қазақстандықтар мен қоғам қайраткерлері жылы лебіздерін білдіріп, ізгі тілектерін жолдап жатыр.