Қазақстанның түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар дрон өндіру ісіне қатыса бастады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне қарасты “Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Ермек Шорманов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Ақмола облысындағы Аршалы елді мекенінде орналасқан түзеу мекемесінің аумағында арнайы ангар жөнделіп, қажетті өндірістік станоктар орнатылған. Жоба аясында сотталғандар дрондарды тек жинақтаумен шектелмей, оларды толық өндірістік цикл бойынша жасауға тартылады.
Ермек Шормановтың сөзінше, ұшқышсыз ұшу аппараттарының корпусы мекеме аумағында дайындалады. Электронды платалар мен бағдарламалық қамтамасыз ету де осы жерде әзірленеді. Өндіріс процесіне қатысатын жазасын өтеушілер алдын ала оқытудан өтіп, қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді.
Мекеме басшысы бұл бастаманың негізгі мақсаты – сотталғандарды еңбекке бейімдеу, кәсіби дағдыларын арттыру және босап шыққаннан кейін олардың қоғамға қайта сәтті бейімделуіне жағдай жасау екенін атап өтті.
Қылмыстық-атқару жүйесінде дрон өндірісінің іске қосылуы еңбекпен қамтудың жаңа бағыты ретінде бағаланып отыр. Жоба сотталғандарды ресоциализациялаумен қатар, отандық өндірістің дамуына да үлес қоспақ.
