Түркияда түнгі клубқа барып, күзетшіден таяқ жеген қазақстандық қыздар оқиғаның мән-жайын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дау-дамай қыздардың орынды босатудан бас тартқаннан кейін басталған көрінеді. Клубтың күзетшілері қыздарды күштеп шығаруға тырысқан, сол кезде қыздардың бірі Түркия азаматының саусағын қыршып алған.
Күзетшінің саусағын тістеп алған отандасымыз қамауға алынды. "Саусағым жұлына жаздады" деген күзетші ауруханадан бір-ақ шығыпты.
Бейнекамерада күзетшілердің қыздарға бірнеше мәрте қол жұмсағаны анық көрінеді. Қазіргі уақытта бейнежазба тексеріліп, тергеу жүргізілуде.
Күзетшіден таяқ жеген Стамбулдағы сұлулық салонында істейтін Ұлбосын Малғажарованың құрбысы клубқа жай ғана көңіл көтеруге барғанын айтады.
"Күзетшілер полицияға жалған мәлімет берді. Мен әжетханаға кеткенде, олар менің құрбыма қол көтерген. Оларды ажыратуға тырысқан мені де тепкінің астына алды", – дейді ол.
[video width="426" height="240" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2021/07/217102864_880508695884382_516386230739138906_n.mp4"][/video]
Қыздардың айтуынша, түнгі клубтың қарауылдары оларды жезөкше деп ойлап, телефонын сұраған.
"Нөмір беруден бас тарттық. Бізге қоқан-лоқы көрсеткеннен кейін, тәртіп сақшыларын шақыратынымды айтып, ескерту жасадым. Сол кезде мені ұра бастады. Біреуі Ұлбосынның шашынан ұстап алды. Ал екіншісі оның аузын ашуға тырысты. Құрбым оның қолын тістеп алды", – дейді қыздардың бірі.
Бұл жайында Түркияның Milliyet басылымы да видео жариялаған екен.
https://youtu.be/STKBpuLE4u4
Дереккөздің мәліметі де жәбір көрген қыздардың нұсқасына сай келеді.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының айтуынша, бұл мәселемен Қазақстанның Стамбұлдағы Бас консулдығы айналысып жатыр.
«Бізге азаматтарымыздан шағым түспесе де, жәбір көрген қыздарымызды іздеп таптық. Қамаудағы азаматша бойынша консулдық көмек көрсетілуде. Стамбұл қаласы ішкі істер басқармасы басшысымен және оқиға болған аудандық ішкі істер басшысымен мәселенің әділ қарастырылуы бойынша талап жеткізілді. Азаматтарымыздың құқығын қорғау жұмыстары жүргізілуде», – деп жазды Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook-тағы парақшасында.