Халық саялайтын, таза ауамен тыныстайтын демалыс орнының ашылуына қала тұрғындары мен қонақтары куә болды. Ер түріктің алтын бесігі саналатын Түркістан шаһары Түркістан облысының орталығына айналғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Осы уақытта қаншама құрылыс нысандары бой көтеріп, жұмыс қарқынды түрде жүріп жатыр.
Арбат демалыс орны халыққа жайлы әрі көрікті жерлердің бірі болмақ. Ғажайып нысанның ашылу салтанатында облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы құттықтау тілегін білдіріп, қаланың әлі де қарқынды дами түсетіндігін айта өтті.
– Күні бүгінге дейін, шаһарға байланысты қаншама мемлекеттік деңгейдегі маңызды шаралар қаралып, Президентіміздің тікелей қамқорлығымен көз тартатын игі істер атқарылды. Қаншама түрік тілдес ұлт өкілдерінің де бір үйдің адамдарындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқандығы баршамызды қуантады, – деді жиналған қауым алдында сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Облыс басшысының айтуынша, алдағы уақытта Түркістан қаласында дәл осында жиырма шақты гүлзарлар мен спрот алаңдары ашылмақшы.
Әкімдік аталмыш демалыс орны орналасқан көше бойында барлық талаптарға сай сауда орындарын ашуға ниеттенген кәсіпкерлерден сұраныстар да қабылдайтындарын да алға тартты.
Салтанатты кешке келген халық әртүрлі музыкалық асаптарда ойнаған музыканттар мен актерлердің өнерлеріне тәнті болды. Арбаттың ауарасын көрсететін әлемдік, қазақстандық авторлардың музыкалық шығармалары, ішекті квартет және саксофанист, күйші домбырашылар, Абайдың өлеңдерін, Қожа Ахмет Ясауидың хикметтерін оқып отырған актерлер, сурет салып отырған суретші мен ақ жаулықты әжелерге дейін осы салтанатты кештің ажарын кіргізді.
Жобаның құны – 99293,0 мың теңге. Жалпы аумағы – 0,15 гектар жерді алып жатыр. Арбатты абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жері тегістеліп, бетон қабаты құйылды және 2600 шаршыметір гранит тас төселгенін айта кетуіміз керек. Сонымен қатар 145х10 метр металлоконструкциялық ферма (аспалы метал құрастырылым) қойылып, түрлі-түсті шамдармен жарақтандырылған.