Түркістаннан Абай облысына керуен жөнелтілді

Ақтоты Жапатова 31 шіл. 2025 11:43

Түркістан облысынан Абай облысына 540 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген жүк көліктері жолға шықты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Өңір диқандары көкөністер, бақша өнімдері, жемістер, балық пен жергілікті қайта өңдеу өнімдерін жөнелтті (194 тонна картоп, 81 тонна бақша өнімдері, 71 тонна жеміс-жидек, 167 тонна сүт өнімдері — қымыз, қаймақ, сары май, қымыз, айран, ірімшік, сондай-ақ бал, шырын, сусын, шұжық өнімдері, жұмыртқа, балық және т. б.).

Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 2–3 тамыз күндері Семей қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қатысады. Онда өнімдерін жергілікті тұрғындар мен қонақтарға нарықтағыдан төмен бағамен ұсынады. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған жәрмеңке екі облыс арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісім аясында өтпек.

Өнім артылған керуенді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ермұхаммед Құралбеков пен өңірдің 17 аудан, қаласынан келген жауапты өкілдер шығарып салды.

"Түркістан өңірінен Абай облысына жөнелтілген ауыл шаруашылығы өнімдері өңіраралық ынтымақтастықты арттырып, бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ тұтынушыларды сапалы әрі қолжетімді отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл бастама арқылы жергілікті диқандар мен шаруалардың еңбегі қолдау тауып, халыққа тиімді сауда алаңы ұсынылады. Жәрмеңкеге Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері атсалысуда", — деді Е.Құралбеков.

Ауқымды іс-шара аясында «Түркістан облысының мәдени күндері» атты екі күндік концерттік бағдарлама жоспарланып отыр. Өңіріміздің тауар өндірушілері мен өнер иелері Абай облысының тұрғындары мен қонақтарын «Арена» мәдени-спорт кешенінде асыға күтеді.

Түркістан облысы — еліміздің агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жетекші аймақ. Республика бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 14,2%-ы осы облысқа тиесілі. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде 253,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 104,7%-ды құрады. Негізгі капиталға 82,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артып, 890 мың гектарға жетті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар