Түркістандық шаруалар екі-үш рет өнім алуды тоқтатпайды

Dalanews 21 нау. 2020 10:31 794

Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтармен кездесіп, елдегі төтенше жағдайға дайындықтарын бақылады.

Сайрам ауданына арнайы жұмыс сапарымен келіп, диқандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Аймақ басшысымен жүздескен шаруа қожалықтары мен жылыжайлардың иелері өз мәселесін ортаға салды. Өмірзақ Естайұлы өтпелі кезеңнің қиындықтарына төтеп беріп, алаңдамауға шақырды. Керісінше, жұмысты күшейтуді тапсырды.

– Шаруалар назардан тыс қалмайды. Елдегі төтенше жағдайға байланысты ауыл шаруашылығы саласының ақсауына жол берілмейді. Керісінше, қайта жұмысты күшейту қажет. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Қосымша қажеттіліктер туындап жатса, қарастырылады. Бұл кезең отандық өнім көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік. Облыста азық-түлік қоры жеткілікті, бағаларды негізсіз өсіруге жол берілмейді, – деді облыс әкімі.


Ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында шаруа қожалық иелері егістік жерден екі-үш рет өнім алуды тоқтатпаймыз деп отыр. Аудандағы бірнеше шаруа қожалықтардың жұмысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сайрамдықтардың еңбекқорлығын құп көрді.

Әр ауыл округінен ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып,  жылына бірнеше рет өнім алатын тауар өндірушілер тізімі бекітілген. Бүгінде 100-ден астам шаруашылық 145,8 га егістік алқапта егін еккен. Атап айтқанда, картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, сарымсақ, нохат, қияр мен тәтті бұрыш егілді. Ауданда 100-ден астам шағын және ірі  жылыжайларлар тынымсыз жұмыс істейді.

Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы құрамажем шығаратын зауыттың ұжымымен кездесті. Осыған дейін Өзбекстан, Ауғанстан, Иран елдеріне экспорт жасайтын өндіріс орнының жұмысы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Аймақ басшысы Қолкент ауыл округіндегі инженерлік - коммуникациялық жүйелерінің құрылысы нысанында болды. Мекеме ауыз су, электр желісі, су құбыры жобаларын іске асырады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар