Әлеуметтік желіде әкесін ұрып-соққан ер адамның видеосы тарады. Кейінірек бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның әйеліне қатысты да тергеу жүргізіліп жатыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz-ке берген жауабында полиция марқұмның келініне қатысты да тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қылмыстық іс ҚК-нің 109-1-бабы 2-бөлігі 3-тармағы "Кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты жасалған ұрып-соғу" бойынша қозғалған.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Түркістан облысы Шардара ауданында қартайған әкесін баласы аяусыз соққыға жыққаны түсірілген видео тараған болатын.
Кадрдан баласы мен келіні сөйлей алмайтын, өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарияны көшеде және үй ауласында сүйреп жүргенін көруге болады. Ұлы әкесін балағаттап, жүре алмағаны үшін бірнеше рет ұрып-соққан. Соққыдан қарияның аузынан қан кеткені байқалады. Бірақ қария еш қарсылық білдірмейді, ал келіні араша түспейді.
Желіде бұл жағдай қызу талқыланып, үлкен резонанс тудырды.