Түркістандағы этнос өкілдерінің 70 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген

Dalanews 20 жел. 2018 06:18 1136

Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының мәліметінше облыста 106 этнос өкілдері тұрады.

Сол этнос өкілдерінің басым бөлігіне өз ана тілінде білім алуына мәдениеті мен салт-дәстүрін ұстануға  толық жағдай жасалған.

«Түркістан облысы – ұлттар мен ұлыстардың ең көп шоғырлануымен, ең бастысы олардың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрінің сақталуымен ерекшеленеді. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдерінің ересек тұрғындарының үлесі 70 пайызды құрайды.  Ал өңірде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде  мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұрғындардың үлесі – 92,1% болса,  63 % орыс тілін,  ал, ағылшын тілін білетіндер – 14 %-ға жетіп отыр»,-делінген басқарма мәліметінде.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда Түркістан облысында 20 этномәдени бірлестіктердің жанында он бір жексенбілік мектеп жұмыс жасап жатыр. Яғни, ол мектептердегі он бес топта 1065 этнос өкілі өз ана тілдерін оқып-үйренуде екен.

Айта кетелік жалпы облыстағы барлық аудан, қалаларда мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін тегін оқытатын 14 орталық жұмыс істейді. Оларда осы жылдың жеті айында 7209 азамат білім алған екен.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар