Биыл бесінші рет өткен «Voice of Turan-2024» халықаралық қазақ әндері байқауы өз мәресіне жетті. Республика күніне орай Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған халықаралық байқауда Армениядан келген әнші Cюзанна Мелконян гран-при иегері атанды, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі күн қатарынан өткен шараның алғашқы күнінде шетелдік әншілер еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындады. «Voice of Turan-2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінің жеңімпазы Әзербайжанның танымал әншісі Лаэлия Алиева қонақ болып ән шырқады. Ал екінші күні қатысушылар өз таңдауындағы қазақ әнін шырқап, бақтарын сынады. Өнер додасына халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен, 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 16 үміткер қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен І дәрежелі диплом Димитрина Германова (Болгария), ІІ дәрежелі диплом Самир Ёлчиев (Беларусь), ІІІ дәрежелі диплом Браим (Куба) мен Дарлеани Перния (Венесуэла) иеленді. Сонымен қатар Фаро (Әзербайжан), Аэлин Иелиз (Түркия), Саида Мухаметзянова (Татарстан), Мукаддас Усмонова (Өзбекстан), Таррарин (Индонезия) байқау дипломанттары атанды. Ал Тыва Республикасынан келген Ишкин Оглу «Ең үздік аранжировка» арнайы жүлдесімен марапатталды. Өзге де қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Айта кетейік, фестиваль мақсаты – төл музыканы, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын, қазақ тілін насихаттау. Ән арқылы әлемге халқымыздың музыка мәдениетінің сан алуандылығын көрсету. Ұлы Дала елінде туындаған шығармаларда айқын сақталған музыкалық ерекшеліктерді көрсету. Түркі әлімнің рухани астанасы – киелі Түркістанды насихаттау.