Түркістанда халықаралық талапқа сай «Ескек есу» арнасы ашылады

Ақтоты Жапатова 12 қыр. 2025 12:11

Түркістан қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ бірегей спорт нысаны – халықаралық стандарттарға сай салынған «Ескек есу» арнасы жақында пайдалануға беріледі,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын арнаның ұзындығы – 2222 метр, ені – 260 метр, тереңдігі – 4 метр. Су айдынына жалпы көлемі 2 миллион м³ су Кенсай-Көксай-2 су қоймасынан, Шаға көлінен және Түркістан магистралды каналынан жеткізіледі.

Нысанда 2,4 шақырымдық су жеткізу арнасы, 1,8 шақырымдық су шығару арнасы, 3 технологиялық көпір, сондай-ақ 940 метрлік жағажай, 100 орындық трибуна, қонақүй, жаттығу базасы, әкімшілік ғимарат пен демалыс орындары қарастырылған.

Жаңа кешен ICF (Халықаралық байдарка және каноэ федерациясы) мен FISA (Халықаралық академиялық есу федерациясы) стандарттарына толық сай. Бұл нысан:

  • академиялық ескек есу, байдарка және каноэ спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді;

  • спортшылардың тұрақты жаттығуына жағдай жасайды;

  • демалыс, серуен және көпшілік шаралар ұйымдастыруға қолданылады.

Сонымен қатар, арнаның суы Түркістанның Әкімшілік-іскерлік орталығы мен арна аумағындағы ирригациялық жүйеге, сондай-ақ қаланың жасыл белдеуін суаруға пайдаланылмақ.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба Түркістанды спорттық, экологиялық және туристік тұрғыдан дамытуға зор серпін беріп, Қазақстанда академиялық ескек есу спортының дамуына ықпал етпек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар