Түркістанда түркі әлемінің географтары бас қосты

Жарбол Кентұлы 21 сәу. 2024 10:51 1697

Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркі әлемінің бірінші халықаралық  география конгресі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей түркі тілдес елдерден 200-ге жуық ғалым мен зерттеушілер, өңірдегі мектеп оқытушылары, университет ұжымы мен студенттері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы қатысып, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын жеткізді.

Ал университет ректоры Жанар Темірбекова келген қатысушыларға алғысын білдірді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың атынан аталған оқу ордасының өкілдері де құттықтауын жеткізді.

Үш күнге ұласқан конгресс барысында «Түркістан облысының географиясы» оқу құралының және «Түркі тілдес елдер географиясы» оқулығының 4-ші басылымының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, саясаттану ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты ашық лекция өткізді.

Жиынның маңызды оқиғаларының бірі – Ахмет Ясауи университетінің базасында «XI-XIX ғғ. Еуропалық және шығыс карталарындағы түркі мемлекеттері» атты Галереяның салтанатты ашылу рәсімі болды.

Танымал картограф-ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың ұзақ жылдарға созылған зерттеу нәтижесі ретінде ашылған галереяда Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түркменстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің ежелгі Еуропа және шығыс карталарындағы маңызы мен орны көрсетілген.

Ол Қазақстан ғана емес, күллі түркі тілдес елдердің тарихынан сыр шертетін карталар галереясы алғаш рет университет базасында ашылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, конгрес аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың География және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми көрмесі ұйымдастырылды. Конгреске жиналған ғалымдар 6 секцияға бөлініп, негізгі тақырып аясында пікір мен тәжірибе алмасты.

Айта кетейік, конгрестің негізгі мақсаты ‒ Еуразия материгіндегі ұлан-ғайыр аймақта қоныстанған Түркі тілдес елдердің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, географиялық зерттеулердің дамуына ықпал ету. Аталған іс-шараны Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Географиядан Республикалық атаулы мектеп және География және су қауіпсіздігі институты ұйымдастырған.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар