Түркістан қаласының "Есімхан" алаңында ұйымдастырылған шарада аталған департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметіне аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев түрлі мақсаттағы 20 көліктің кілтін табыстап, ТЖД мамандарын еліміздің басты мейрамымен құттықтады.
– Құрметті, төтенше жағдай қызметінің өкілдері! Сіздерді еліміздегі егемендіктің еңсе тіктеген күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өз өмірлеріңізді қауіпке төндіре отырып, азаматтарымыздың қауіпсіздігін бірінші орынға қойған қиын кәсіптеріңізде Сіздерге де құрметіміз айрықша. Бүгінгі Өздеріңізге табысталып отырған техникалар тұрғындарды айтып келмейтін төтенше жағдайлардан сақтап қалуға сеп болса, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп білем, – деді Ж.Түймебаев.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде қазіргі таңда 139 бірлік өрт сөндіру техникасы бар. Оның 96 бірлігі– негізгі өрт сөндіру автокөліктері, 8 бірлігі– арнайы, 35 бірлігі – көмекші автокөліктер. 139 бірлік өрт сөндіру техникасының 75-і 20 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Ал бекітілген нормаларға сәйкес 78 – негізгі, 51 – арнайы және 140 – көмекші автокөліктер болуы тиіс.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі